Алтын өндіру фабрикасындағы жұмысшы өліміне қатысты тергеу басталды

Ақмола облысында алтын өндіретін фабриканың жұмысшысы қаза тапты. Оқиға өткен түнде Зеренді ауданының аумағындағы өндіріс ошақтарының бірінде болған.

Қазір келіп түскен мәлімет бойынша 1974 жылы туған ер адамның үстіне салмағы 1 тоннаға жуық қап құлаған. Ауыр жарақат алған жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Бұл осы алтын өндіру фабрикасында болған алғашқы оқыс оқиға емес. Фабрикада бұған дейін де бірнеше адам өндірістік жарақат алып, мерт болған еді.

Әсет Құрманғожин, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

- Анықталған ақпарат бойынша Көкшетау қаласының тұрғыны Алтаев Өмірбек Амантайұлы цехтарда сол үлкен қаптың астында басылып қалған. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша Ішкі істер органдарында тіркелді. Сол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмған. Қазір жедел-тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.