Адамды ажалдан құтқарған ауыл әкімі марапатталды

Бағана басынан секіріп, өмірмен қош айтыспақшы болған адамды құтқарған ауыл әкімі марапатталды.

Оқиға Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында болған. Қаратоғай ауылының тұрғыны 50 метрлік мұнараға шығып, секіріп кетпекші болған. Құтқарушылар мен дәрігерлердің, тіпті жақындарының да өтінішіне құлақ аспаған. Бұған куә болған ауыл әкімі Руслан Байсағызов электр желісі басына шығып, ауылдасын райынан қайтарды. Сөйтіп, альпинистік белдікке таңып, аман-есен жерге түсірген. Батылдыққа барған ауыл әкіміне ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев алғыс хат жолдады. Марапатты өңірлік департамент басшысы табыстады.

Руслан Байсағызов, Қаратоғай ауылдық округының әкімі:

- Менің басты міндетім ауылдасымның өмірін аман алып қалу болды. Себебі еліміздің Конституциясының бірінші бабында жазылғандай, біз үшін адамның өмірі ең қымбат дүние. Ауыл әкімі ретінде әрбір тұрғын үшін жауапты екенімді де жақсы білем.