«Қазақстан халқына» қоры 10 жобаны жүзеге асырып жатыр

«Қазақстан халқына» қоры 10 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның сегізі медициналық көмек көрсетуге, біреуі ауыл балалары үшін спорттағы әлеуметтік жағдайда жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар шалғайдағы талапкерлер мен тұрмысы төмен отбасылардың студент балаларына білім грантын беруді қарастырады. Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Қор төрағасы Болат Жәмішев баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қордың мақсатты бағыттарын анықтауға қоғам мен қоғамдық институттарды белсенді тарту қажет деді.

Болат Жәмішевтің айтуынша, Қор жаңадан толықтырылған тұжырымдаманы және қайырымдылық бағытындағы бағдарламалар мен жобалар әзірлеуді қолға алды. Бұл жұмысқа коммерциялық емес сектордың өкілдері, мәслихат депутаттары, Қор меценаттары болып табылатын бизнес өкілдері мен сарапшылар кеңінен тартылады. Қыркүйек айында өтетін Ұлттық қайырымдылық конференциясы осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстың қорытынды есебі болмақ.