«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы фермерлерді тығырыққа тіреді – Павлодар облысы

Шаруалар Еуропадан асыл тұқымды мал аламыз деп оператордың есеп шотына миллиондап ақша аударыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тек тоғыз шаруа қожалығына көмек көрсетілген. Ал 11-і шетелден келетін ірі-қараны әлі күтіп отыр. «Ата қоныс» шаруа қожалығы Баянауыл ауданынан 80 шақырымда жатыр. Шаруашылық Аймауытов ауылының Қызылтау ауылдық округіне қарайды. Қожалық басшысы Теміржан Қишевтың мал баққанына 30 жылдан асқан. Меншігінде екі мың гектардай жері бар. Төрт түлігін түлетіп отырған еңбекқор жан ешкімге алақан жайып көрмепті. Мұндай қырсыққа қалай тап болғанын өзі де түсінбейді.

Теміржан Қишев, «Ата қоныс» ШҚ басшысы:

– Өз малым өзіме жетуші еді. Осы кредитті әлгі Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары, ауылшаруашылығының басшысы, өзіміздің әлгі совхоздың әкімі солар бәрі шақырып, осылай, міне, бағдарлама бар, шетелден әлгі экспорт-импорт мал алу керек герефорд деген. Сіздің енді жағдайыңыз бар ғой пәлен жыл тәжірибеңіз бар, мал баққансыз, осы елімізді, ауылымызды көркейтейік деп.

Ақыры әкімдік өкілдері оны «Сыбаға» бағдарламасына қатысуға көндіреді. Көндіріп қана қоймай, үш жақты келісімшарт жасасып, жүз бас асыл тұқымды герефорд тайыншаларын жеткізіп беретін операторды да өздері тауып береді. Ал Теміржан Қишев несие рәсімдеп, 85 миллион тенгені Қостанайдың «Агрогенетикс» ЖШС-нің жеке шотына аударады. Осы жылдың күзінде несиенің 20 миллион теңгесін қайтаруы тиіс болатын. Оны ет бағытындағы асыл тұқымды малдың есебінен жабамын деп жоспарлапты.

Теміржан Қишев, «Ата қоныс» ШҚ басшысы:

Бұл енді 850 мыңнан болады. Сосын өзі кезеңде субсидиясы қайтады, әр басқа 300 мыңнан қайтарады, сонда 550 мыңнан түседі. Өздері әкеледі, өздері береді, міне операторы, біз әлгі облыстың жаңағы ауылшаруашылық басшысы, облыстың зам әкімі осының бәрін біледі, осының бәрін қадағалап отырады. Сіздің ешқандай шаруаңыз жоқ. Тек осы кредитті алып, малды аламын десеңіз болды деді.

Асыл тұқымды мал басын көбейтуге Теміржан Қишев тыңғылықты дайындалыпты. Қолындағы 100 бас қара малын сатып, жаңадан мал тұратын қыстақ, жұмысшыларға арнап үй салады. Малға ие болсын деп Қарағандыда қызметте жүрген ұлын отбасымен көшіріп алады.

Теміржан Қишев, «Ата қоныс» ШҚ басшысы:

– Міне, қазір кісі тұрмағаннан кейін қабырғасы бәрі құлайын деп жатыр. Міне, екінші жыл бос тұрғанына. Біз әлгі қыркүйек, қазанда бастадық, қарашада салып бітірдік 2020 жылы. Міне, содан бері кісі жоқ қазір.

Мемлекеттік бағдарлама Павлодар облысының шаруалары үшін сәтсіз аяқталған сияқты. Облыс бойынша 11 шаруашылық сыбағадан қағылды. Олар Еуропадан мал аламыз деп сан соғып қалды.

Нұрболат Мақашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Әрбір шаруашылық бойынша жағдайды үнемі негізде мониторинг жүргіземіз. Сонымен қатар мынау «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының құқықтық бөлімдерімен тығыз жұмыстамыз, мына құқықтық көмек беру мақсатында шаруашылықтарға. Енді бұл жерде тек қана соңғы шешім мына соттың шешімі қалай шығады соған байланысты болады.

Белгілі болғандай, шаруа қожалығына мал әкелуі тиіс оператордың өзі қиындыққа тап болыпты. Келісімшартты орындау мерзім бүкіләлемдік пандемиямен тұспа-тұс келіген. Енді оператор Германиялық жеткізушіден төленіп қойған соманы сот арқылы өндіріп алмақ.

Марк Гумеров, «Агрогенетикс» ЖШС атқарушы директоры:

Біз сатып алдық. Бірақ жеткізуші бізге малды әлі күнге дейін әкелмей отыр. Тапсырысты орындаушы негізінде Германия тарабымен келісімшартқа отырған едік. Онда малды жеткізу мерзімі, іріктеу процедуралары бәрі жазылған. Қарсы тараппен негізсіз алынған қаржыны өндіріп алу процесі жүріп жатыр

Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын көреміз деген шаруалар шығынға белшеден батты. Сенім артқан операторлар тек делдалдық қызмет атқарғандарын айтып ақталуда. Ал шетел асып кеткен қаржыны қайтаруға соттың қауқары жете ме? Ол жағын уақыт көрсетеді. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат