Ұлытау облысында шаруалар құралайды қолда асырап отыр

Қызыл кітапқа енген киікті сақтап қалу үшін қазақстандық ғалымдар ірі жобаны қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мамандар Ұлытау облысының Жаңарқа ауданындағы шаруашылықтың бірінде құралайды асырап, жан-жақты зерттеп жатыр. Ғалымдар ақбөкендер арасында кездесетін ауруларды анықтап, оның алдын алуға күш салады. Киіктің лағын туғаннан кейін небәрі екі сағат ішінде ажыратып алу керек. Себебі уызға тойып, ширап алған құралай қолға ұстатпайды, дейді мамандар. Қазір 60 лақ арнайы жасалған вольерде қамаулы.

Мадияр Әлжаппар, шаруа қожалық жетекшісі:

– Біріккен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Өзіме де қызық. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде болмаған жағдай десе де болады. Бірнеше гектар жерді қазір қоршауға алып, бұларға үлкен тұратын орын дайындап жатырмыз сол өздерінің жейтін шөбі, өздерінің ішетін суы, бәрі сол жерде бар.

Осыдан бірер жыл бұрын Бетпақдалада белгісіз індеттен киіктер қынадай қырылған болатын. Кейін бұл жағдай Батыс өңірінде де қайталанды. Келешекте соған жол бермеу үшін, даланың сәні ақбөкенді аман сақтап қалу үшін осы жоба қолға алынған.

Әлжан Шәмшидин, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры:

Олардың көбею қабілеттерін, олардың кейбір инфекциялық ауруларға қалай шалдығатынын немесе шалдықпайтынын, олардың адаптациялық белгілерінің зерттеуі бойынша, сонымен қатар тұқым қуалайтын генетикалық мутациялар бар ма, жоқ па, соны зертеу бойынша жұмыс жүргізу. 

Ғалымдар игі жобаны бастамас бұрын мемлекеттен арнайы рұқсат алған. Осылайша бұған дейін тек зертханада жүргізіліп келген ғылыми жұмыстарды тәжірибемен ұштастырудың мүмкіндігі туды. Бұл мақсатқа 130 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар