Ақтөбеде жеке баспана құрылысына бөлінген 70-тен астам жер телімі қала меншігіне қайтарылды. Бұдан бөлек кәсіпкерлік нысанына тиесілі 5 алқап бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көктемгі су тасқыны кезінде қала әкімі еріген қар суының арнасын бөгеп, топан суды тұрғындар алқабына бұрғандарды тексереміз деген еді. Естеріңізге сала кетсек, биыл көктемде Батыс-2 шағын ауданында оқушы қыз арыққа құлап, бір өлімнен аман қалған еді. Абырой болғанда сол маңдағы азаматтар құтқарып алды. Сондықтан арнайы комиссия құрылып, бұған дейін үлестірілген жер телімдері зерделенді.
Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:
- Бұған дейін айтқанымдай кешенді тексеру жұмыстары болды. Жеке баспана құрылысына қатысты 70 қаулының күші жойылды. 5 кәсіпкерлік нысаны да бар. Кейбір меншік иелері бұл шешіммен келіспей отыр. Бірақ біз сот арқылы қайтаратын боламыз. Бір баспана толықтай сүрілетін де болды.