Шымкентте майнинг жабдығын ұрлағандар сотталды

Шымкентте майнинг жабдығын ұрлағандар сотталды

Шымкентте жеке тұрғын үйден майнингке арналған 46 аппаратты ұрлаған күдіктілерге қатысты сот үкімі шықты.

Жәбірленушіге жалпы сомасы 44 миллион теңгеге жуық шығын келген. Полиция пәтерге ұрлыққа түскен үш адамды қолға түсірді. Олардың бірі аталған мекен-жайда жұмыс істеген электрик екен. Ұрылар қымбат құрал-жабдықтарды қолды қылу үшін алдын ала жоспар құрған. Күдіктілер кінәсін толық мойындап, келтірген шығынды толық өтеп берген. Десе де, ешқандай қылмыс жазасыз қалмайды. Олар 5 жылға сотталды. Ал полицейлер майнингпен айналысқан жәбірленушінің құжаттарын Экономикалық тергеу департаментіне жолдады.

Салтанат Қаракөзова, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Тәртіп сақшыларының анықтауынша, үш азамат криптовалютаны жинауға арналған жабдықтың орналасқан жері туралы хабардар болып, түнде қоршаудан өте отырып, жеке аумаққа жасырын түрде кірген. Майнерлерді алып, ұрылар қылмыс орнынан “ізін суытқан”. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында полицейлер ұрылардың автокөлігін анықтайды. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктілер қала аумағынан ұсталды.