14 маусым Дүниежүзілік қан доноры күні

Еліміздегі қан орталықтарында түрлі қан топтарының мөлшері жеткілікті.

Бұл туралы Дүниежүзілік қан доноры күніне арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда 2000-нан астам донор бар. Олар тұрақты түрде қан тапсыруды әдетке айналдырған. Жалпы дені сау адамның 450 грамм қаны үш адамның өміріне араша бола алады. Сондай-ақ тек 18 жастан асқан азаматтар ғана донор бола алады. Дегенмен, олардың өзіне шектеу бар. Жұқпалы аурумен ауырған, онкологиялық дерті және жүрек-қан тамырында ақауы бар адамнан қан алынбайды. Тұрақты түрде донор болатын адамның жүрек-қан тамыры шымыр, иммунитеті жоғары болады, дейді мамандар.

Батырхан Сарымсақов, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:

- Қазақстан бірінші рет екі кезеңдік скринингті енгізді. Қан донорына байланысты. Өз кезегінде қанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, инфекциялық ауруларды анықтауға көмектеседі. Қан орталықтары жылына 200 мыңға жуық литр қан алып, өңдеп құяды.