Пластик қалдықтарды сыртқа шығару тыйымы экологтармен келісілмеген

Бүгіннен бастап пластик шөлмектерді сыртқа сатуға тыйым салынады. Шектеу шаралары 6 айға дейін жарамды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай шешім қабылдады. Алайда экологтар бұған қарсы. Бізбен келіскен жоқ дейді. Ал отандық өндірушілердің пікірі екіге жарылды.

Пластик шөлмектердің қалдықтары негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Польшаға жөнелтіледі. Ондағы зауыттар шикізатты қайта өңдейді. Сөйтіп түрлі құрылыс материалдарынан  бастап көлік жабдықтарына дейін жасайды. Одан өзімізге 10 есе қымбатқа сатады. Әрине елде пластик өнім шығаратын кәсіпорындар бар. Бірақ оларға шикізат жетпейді. Өйткені қоқыс сұрыптайтын отандық мекемелер өзгені жарылқап отыр.

Батырбек Әубәкіров, "Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы" ЗТБ Басқарма төрағасы:

- ПЭТ, яғни Полиэтиле́нтерефтала́т қалдықтарының қанша бөлігі сыртқа кетіп жатқаны бізге белгісіз. Өнімдерді сұрыптайтын мекеме мемлекетке қанша салық төлеп отырғанын да білмейміз. Қанша адам жұмыспен қамтылғаны жөнінде де айтылмайды.  Сондықтан біз бұл нарықтың 90% көлеңкелі бизнес деп санаймыз.

Қоқыс қалдықтарын  сұрыптаушылардың да өз айтары бар. Отандық өндірушілер пластик шөлмектерді арзанға алғысы келеді. Тіпті өзіндік құнынан да төмен баға сұрайды. Сондықтан өзгеге сату олар үшін әлдеқайда тиімді.

Шынболат Байқұлов, Қалдықтарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы:

- Біз НПП Атамекенде өткізетін ақпан және наурыз айында зум отырыстарды өткіздік. Сол отырыстарда біз өзіміздің қарсылығымызды білдірдік. Бірақ июнь өткеннен кейін соны шығарып отыр. Біз не үшін екенін білмей, таңқалып отырмыз.

Елде қоқыс сұрыптайтын мекемелер бірлі-жарым емес, 350-і бар. Ал қайта өңдейтін кәсіпорындардың саны 14-тен асады. Сондықтан жиналған шөлмектің барлығын бірдей өндірушілердің кәдеге жаратуға шамасы жетпеуі де мүмкін. Ал артылған өнімінді сыртқа жөнелтуге рұқсат жоқ. Соның салдарынан сұрыптаушылар шығынға ұшырайтындарын айтады. Әрі бұл шектеу табиғатқа орны толмас зиян келтіреді. Экологтар осылай дейді.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Бұл шектеу шарасы қоқыс қалдықтарының артып кетуіне ықпал етеді. Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау дерегі жиілеуі мүмкін. Өйткені қоқыс қалдықтарын жинап оны сұрыптаушылар нарықтан кетуі ықтимал. Олар үшін бұл іспен айналысу экономикалық тұрғыда тиімсіз болады деген қауіп бар. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі шектеу шарасы бізбен келісілмей енгізілді деген уәж айтады. Алайда бұған тағы бір құзырлы мекеме индустрия  және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауабы дайын.

Мөлдір Макишева, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басқарма басшысының м.а.:

- Біз өзіміз жеке қабылдаған жоқпыз. МВК-ға шығарылған бұл сұрақ. МВК-да барлық тиісті мемлекеттік органдар, Атамекен қолдаған. Бұл уақытша шара. 6 айға қойылып отыр. Көрейік деп. Министерство осы өндірушілерді бірінші кезекте қолдайды.

Министрлік шектеу шарасы отандық өндірісті қолдауға серпін береді деп сенеді. Статистикаға сүйенсек, елде пластик шөлмектердің қалдығын экспорттау көлемі жыл санап артып келеді. Мамандардың айтуынша шикізаттың әр тоннасынан түсетін пайда 455 АҚШ доллары. Ал, қайта өңделген өнімнің бір тоннасын 5 жарым мың доллардан сатып аламыз. Арзан шикізатты алып кететіндердің бірі Өзбекстан.

Валерий Бирюков, сарапшы:

- Шикізатты сатқанша одан өнім шығарған анағұрлым тиімді екені баршаға мәлім. Өзбекстан қазір қайта өңдеуге басымдық беріп отыр. Біз шикізатты өткізбейміз керісінше өнім өндіріп үстеме бағамен сатамыз. Полипропиленнен бастап машина бөлшектерін жасауға қажетті бұйымдарды шығарамыз. Әрине Қазақстаннан арзан шикізатты қуана-қуана сатып аламыз. 

Әрине отандық өндірісті дамыту қажет. Бірақ қоқысты іріктеп жинайтын кәсіпкерлердің де талабына да құлақ асқан жөн-ау. «Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы» мәселені шешу үшін сұрыптаушыларға салынатын салықты мүлде алып тастау қажет деп санайды. Бұл ұсынысқа алдағы уақытта жауап та айтыла жатар. Анығы, шектеу шарасы тек 6 айға енгізілген. Егер тиімсіз болса жауапты министрлік, бұл шешімнен бас тартады.

Назерке Әбдірахманқызы