Өскемен іргесіндегі өзенде балықтың қырылу себебі тексеріліп жатыр

Өскеменнің іргесіндегі Маховка өзенінде балықтың қырылу себебін экологтар тексеріп жатыр.

Табиғат қорғау қызметіне оқыс жағдай туралы Согра ауылының тұрғындары хабарлаған.  

Куәгерлердің айтуынша, соңғы күндері өзен суы жасыл түске боялып, жағалауды батпақ басқан. Тексеріс кезінде өзенге кәріз суының құйылғаны анықталды. Алғашқы сынамада нитрат мен хлоридтің мөлшері үш есеге артқаны белгілі болған еді. Су көзін ластаған кәсіпорын бұған дейін 9 миллион теңге айыппұл төлеген. 

Ольга Ельчинская, ШҚО Экология департаментінің баспасөз хатшысы:

- Біз химиялық сараптама жасау үшін өзен суынан сынама алдық. Нәтижесі осы аптаның соңында белгілі болады. Сол кезде нақтысын айта аламыз.