Алматы облысында шегірткелерді жою жұмыстары басталды

Алматы облысының Балқаш ауданында үйірлі және саяқ шегірткелерді жою жұмыстары басталды. Зиянкеспен күрестің көл жағалауындағы аймақта қолға алынуы тегін емес. Өйткені оңтүстік өңірге қажет қысқы мал азығы осы ауданнан жиналады. Сол себепті мамандар шегіртке оянбай тұрғанда залалсыздандырып жатыр.

Евгений Бибиков шағын ұшағымен күніне жеті рет көкке көтеріледі. Әрбір ұшқан сайын 100 литр химиялық қоспаны 200 гектар жерге шашады.

Евгений Бибиков, ұшқыш:

- Кешелі бері 1052 гектар жерге дәрі шаштық. Бұл жұмыстар таңертең күн ысымай тұрғанда және ауа райының қолайлы кезінде жүргізіледі. Шамамен бір ай осы аймақта боламыз. Яғни шілдеде аяқтаймыз.

Биыл Балқаш ауданындағы 26 мың гектар жер дәріленеді. Аталған аумақ төрт кезеңмен жүргізілген зерттеу нәтижесінде белгіленді. 

Ардақ Мұсаханов, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Балқаш аудандық филиалының басшысы:

- Жарты метрден 0,25 кв метрді қазып, тереңдігі 5-8 см дейін жаңа кубышкаларды табамыз. Былтыр күзде көрген. Ол қалай қыстап шыққанын лабараториялық түрде анықтаймыз. Орташа есеппен екеу-үшеу шығады. Одан көп болса қауіп болады. Қауіптен бұрын осы жерді қатты контрольға аламыз.

Шегірткелердің таралу аймағын анықтау оңай шаруа емес. Мамандар әсіресе көл жағалауын тексеруде қиындық туындайтынын айтып отыр.  

Анатолий Мыңдышов, Балқаш аудандық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Диагностиканы қайықтарымен жабдықтаса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Өйткені өздері бара алатындай. Қазіргі таңда әкімшілік көмектесіп, отыр. Аралға баруға балықшылардан көмек сұраймыз.

Негізінен ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал азығына үйірлі шегірткелер қауіп төндіреді. Итальяндық прус және азиялық деп аталатын зиянкестер көбейсе жасыл желекті көктей солдырады. Сондықтан олар қазіргідей қанаттанбай тұрғанда дәріленеді. Алдын-алуға бағытталған бірнеше жылдық жұмыс бүгінде өз нәтижесін берген.  

Жарас Оңдасынұлы, Алматы облысы бойынша өсімдікті қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бөлім басшысы: 

- 12 жылдары 4 мың га дейін химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізгенбіз. Сол жылдары көп болды. Құдайға тәубе, бүгін биылғы жылға 92 мың га қарсы өңдеп жатырмыз. Үйірлі шегірткеге қарсы. Саяқ шегірткеден бөлек. Екеуін қосқанда 136 мың га жер. Жылдан жылға бізде төмендеп келе жатыр.

Бүгінгі күнге дейін Алматы және Жетісу облыстарындағы 30 мың гектар жер шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтті. Алдағы бір жарым айда аталған көрсеткіш 136 мың га дейін жеткізіледі. Бұл өз кезегінде егістік алқаптар мен шабындық және жайылымдық жерлерді зиянкестерден қорғап ел ырысын сақтауға мүмкіндік береді. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев