Түркістан облысындағы елді мекенде мектеп құлағалы тұр

Түркістан облысындағы Келес ауданының тұрғындары жаңа оқу жылында баламызды сабаққа жібермейміз дейді. Себебі үш жүз орындық мектепте сегіз жүзге жуық бала қысылып-қымтырылып оқиды. 

Ал жергілікті биліктің мәселені уақытша шешу үшін жабдықтаған қосымша ғимарат құлаудың алдында тұр. 

- Мынаған мен қазір сәл күш салсам сынып кетеді. Осындай кабинеттерді қолдан қосып істеп жатыр, оқушы сыймағаннан кейін.

Жандос Рүстемовтің төрт баласы осы мектепте оқиды. Бірақ сапалы білім алып жатырғанына күмән бар, дейді ол. Себебі 2004 жылы 300 орынға лайықтап салынған №9 Көлтоған жалпы орта мектебінде оқушы саны шамадан 2,5 есеге артық. Сондықтан мектеп басшылығы дәлізде ағаштан кабинет жасапты.

Жандос Рүстемов, Амангелді елді мекенінің тұрғыны:

- Біздің осы мектептің ішіндегі әжетханалар да ылғи құлыпталып тұрады. Мен талай айқайлағанмын. Бізге қысқасы бір жаңа мектеп керек. Ол жерге балаларды жібермейміз біз. Жібермесек участковыйлар келеді. «Бала мектепке бармай жатыр, штраф саламыз» деп. Мен ондай жерге жібергім келмейді оларды. Денсаулықтарына алаңдаймын.

Халқы тығыз орналасқан ауылдың демографиялық өсімі де жақсы. Сондықтан оқушылар үшін мектеп мәселесі қашан да өзекті. Білім  нысанының қосымша ғимараты әбден тозып, қабырғасынан жылу кетсе де әлі пайдаланып отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бұл ғимарат өткен ғасырдың 70-жылдары жұмысшыларға арнап салынған жатақхана еді. Бала саны артқасын екі мыңыншы жылдары мектеп кабинеттеріне лайықталып, жабдықтау ісі жүргізілген. Апатты жағдайда деп алаңдаған тұрғындар бұл нысанда 100-ден астам бала оқып жүргенін айтады.

Ажары қашқан ескі нысанның екінші қабаты адам өміріне қауіп төндіргесін есігіне құлып қойылды. Бірақ бірінші қабатында бастауыш сынып оқушылары әлі де оқып жатыр, дейді тұрғындар. Шатырынан су кетіп, қабырғасы қақырап тұрғандықтан ата-ананың көңіліне алаң кірді.

Фатима Әсілова, Амангелді елді мекенінің тұрғыны:

- Мұның жоғарғы жағында жүруге де отыруға да оқуға да болмайды. Осы төменгі қабатты оқиды балалар. Іші суық. Асты цемент бұның. Балаларымызға алаңдап отырамыз. Жарамайды бұл бір күні құлап кетсе, төбесі ойылып кетсе тағы. Ауырады балалар қыста грипп болып ауырып жатады бәрі. Курткамен отырады мына жерде. Қалай оқиды көрініп тұр ғой бәрі.

Аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің өкілдері ескі нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қаралғанын күтіп отырмыз, дейді. Тұрғындардың талабы ескеріліп, ескі ғимаратта бала оқыту тоқтатылыпты. 

Бақтияр Әбдиев, Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

- Алдын сыймаған кезде оқып жатқан. Қазір енді күрделі жөндеуден өткіземіз деп жобалау-сметалық құжаттарын дайындадық. Сметалық құжатқа облыстан қаржы сұраттық. Қаржы берілген жағдайда келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді. Содан кейін пайдаланатын боламыз.

Бөлім басшысының сөзінше жаңа мектептің құрылысы тек көрші ауылға жоспарланған. Іргесі құйылып, құрылысы аяқталса қос ауылдың оқушы сыйымдылығы шешімін табады деп отыр. Ал оқушылар оған дейін үш жүз орындық мектепте үш ауысыммен оқуына тура келеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов