loader


Жыл басынан бері елде жеті велосипедші жарақат алды

Елордада веложолдар тапшы. Алты жылда небәрі 90 шақырым жол төселген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал әу бастағы мақсат мүлдем басқа еді. Ол кезде шенділер 1700 шақырымнан аса веложол салып берміз деп уәде берген. Бірақ әлгі жоспардың 90 проценттен астамы мүлдем орындалмағанын көріп отырмыз. Ал велосипед тақымдағандар көлік жүретін жолмен жүйіткіп мертігіп жатыр. Арна тілшісі әуесқой велошабандоз Ернат Мелсұлы жақында рекорд жаңартып, жұрттың көзіне түскен еді. Сол жігіт жұмысқа велосипедпен келеді. Жүйіткіп жүрсе мейлі ғой. Жанын шүберекке түйіп шығады. Бұрынырақ төселген веложолдардың тоз-тозы шыққан. Содан көлік жүретін жолға амалсыз ойысамын дейді. Ол кезде қыл үстімен жүргендей боласың.

Ернат Мелсұлы, әуесқой велошабандоз:

Басында қалай салынды, олар солай ескірді. Жолдың қиылыстарына келгенде мініп-түсетін жерлері болады. Басында ол жерлер жайпақ болатын. Қазір мүжілген. Тік. Велосипедпен зулап келе жатқанда жартастан құлағандай боласыз.

Мертігіп жатқандар бар. Жыл басынан бері 7 бірдей велосипедшінің жарақат алғанын естідік. Құдай сақтап, аман қалыпты. Әйтпесе, арасында көлік қаққандары бар. Олар да ойдым-ойдым жолдан қашып, көлік заулайтын трассаға шығып кеткен.

Кәмшат Воказе, ҚР ІІМ ӘПК жол қауіпсіздігі басқармасының аға инспекторы:

– Жыл басынан бері елде 5 мың 211 жол апаты тіркелді. 744 адам қаза тапты. Жарақат алғандар саны бұдан әлдеқайда көп. Арасында 7 велосипедші бар. Олар көлік жүретін жолдармен жүйіткіп бара жатқанда соқтығысып қалған.

Бас қалада веложолдарды осыдан 6 жыл бұрын төсеп бастаған. Ол кезде небәрі 4 жылда 1700-ден астам жол салып, айды аспанға шығарамыз дегендер болды. Қазір небәрі 90 шақырымы ғана төселген екен. Әлгі ауыз толтырып сөйлеп жүргендердің осы күні үні шықпайды. Өйткені жоспар 90 процентке орындалмаған.

Гаухар Достанова, «CTS» компаниясының өкілі:

Біз веложолдарды қаланың ескі бөлігіне де салу керек деп үнемі айтамыз. Өйткені ол жақта адамдар көп шоғырланған, бірақ көбіне әлгіндей жерлерге веложол төсеу қиынға соғып жатады. Өйткені ондағы жүргінші жолдары тым тар. Жанына веложол төсеу көбіне мүмкін емес.

Оны айтпағанда, бізде веложолдардың бірыңғай стандарты жоқ. Көлемін, төсеніштің қалыңдығын ешкім есептемейді. Жауаптымыз дегендер әйтеуір жыл соңына дейін тағы 40 шақырым жол төсеп қаламыз деп отыр. Бірақ ол жоспардың да орындалуы екіталай. Өйткені әкімдіктен ақша бөлінбеуі де мүмкін.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Анель Еділқызы, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ...