Петропавлдағы түзету мекемесінде құрт өндірісі ашылды

Ұлттық тағамды сотталғандар жасайды. Қазір тәулігіне 15 келіден астам өнім дайындап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қажетті шикізатты сүт зауыттары жеткізіп береді. Ал құрт қала дүкендерінде сатылады. Қостанайлық Арман Мөңкебаевтың сотталғанына төрт айдан астам уақыт болды. Ол ішімдік ішіп, үш мәрте көлік тізгіндегені үшін сот оны үш жылға бас бостандығынан айырған. Мамандығы – агроном. Қазір жазасын өтеуші колонияда құрт жасайды.

Арман Мөңкебаев, жазасын өтеуші:

– Күніне бізге 40 келіден астам ірімшік әкелінеді. Оған біз май, сүт, тұз секілді өнімдерді қосып араластырамыз. Кейін салмағы 8-10 грамм болатындай етіп, дөңгелек формаға келтіреміз. Жалпы қазақтың ұттық тағамын қалай жасау керектігін технолог келіп үйретті. Өзім абақтыдағы күнім текке өтпесін деп жұмысқа орналастым. Тапқан-таянғанымның бір бөлігін отбасыма, қалғанын өзіме алып қаламын.

Дөңгелетілген құрт арнайы пешке салынып 30-35 градуста 24 сағат бойы кептіріледі. Одан кейін салмағы өлшеніп, қапталады. Түзеу мекемесі қабырғасынан ашылған цехта бес адам екі ауысымда жұмыс істейді. Олар тәулігіне 15 келіден астам өнім дайындайды.

Бауыржан Рүстемов, облыстық ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің бөлімше бастығы:

– Бұл тамақ өндірісі болған соң сотталғандар жұмысқа кіру үшін бірінші кезекте арнайы медициналық тексерістен өтеді. Бұдан соң санитарлық-эпидемиологтар аумақтың тазалығын қадағалайды. Жауапты мамандардың рұқсатынан кейін ғана олар өз жұмысына кірісе алады. Қазір тиісті талаптар қатаң сақталған.

Мұнымен қоса ЕС-164/3 мекемесінде күніне 1200-ден астам бөлке нан пісіреді. Ас атасы қаладағы колонияларға жөнелтіледі. Жалпы облыста 1600-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Оның 55 проценті жұмысқа орналасқан. Өңірдегі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 14 кәсіпорын бар.   

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

 

Сондай-ақ...