СҚО-да жайылым жер тапшы

Новокаменка ауылының тұрғындары бір мың бас жылқы, сиыр, қой ұстайды. Соңғы жылдары оларға оттайтын орын жоқ. Бақташы бір табын малды қайда болса сонда бағады.

Соңғы жылдары тұрғындар төрт түлігін даланы айтпағанда көшеге шығарудан қалған. Өйткені, қараусыз жүрген малдың иесіне айппұл салынады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Міне, бақташылар күн сайын осылай жайылым жер іздеп әуре- сарсаңға түседі. Қазір олар сиырларды тура Есілдің жағасына айдап бара жатыр.

Оның өзі шөбі жоқ тақыр жер. Тұрғындардың айтуынша, өрістен келген сиырлар 2-3 литр ғана сүт береді. Сондықтан көбі малын сатып құтылып жатыр.

Қайрат Бердібеков, Новокаменка ауылының тұрғыны:

- Малды сатып жатыр ғой кісілер. Енді қайда бағамыз деп сатып жатқандар бар. Жай үйінде ұстап отырғандар бар. Бақташыларымыз бүгін мүлдем бағуды қойды. Былай айтқанда бағатын жер жоқ. Сиырлар тұрмайды ешқайда.

Соңғы жылдары тұрғындар төрт түлігін даланы айтпағанда көшеге шығарудан қалған. Өйткені, қараусыз жүрген малдың иесіне айппұл салынады.

Ерғали Сұлтанов, Новокаменка ауылының тұрғыны:

- Жердің бәрін айналада крестьяндар алып қойған ғой. Үйден шықты ма мал штраф төлейсің. Әне, анау учасковыйлар келеді, мынау сіздікі ма? Неғып жүр далада? Болды сонымен, бағатын жер жоқ қой.

Жергілікті билік өкілдері бұл мәселені жақсы біледі. Олардың айтуынша, Новокаменка ауылы бойынша 700 гектарға жуық жайылым жер жетіспейді. Қазір шенеуінктер оны қайтар жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Көпеш Тұрыжанов, Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Пайдаланылмай жатқан жер учаскелері бойынша тиісті құжаттар жиналып, сотқа арыз дайындалып жатыр. Бұл шамамен 300 гектарға жуық жер. Кейін ол ауылдық округтің меншігіне беріледі.

Бұл бір ғана ауылдың жағдайы емес. Бүгінгі таңда осы Қызылжар ауданының тұрғындарына 30 мың гектар жайылым жер жетіспейді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов