Ақмола облысында судың ластануы балық шаруашылығына кедергі келтірді

Ақмола облысындағы көлдердің 80 проценті ластанған. Көбін қамыс басса, тағы біразында балдыр қаптап, судың сапасы әбден нашарлап кеткен. Бұл туралы аймақтағы балық шаруашылықтары қауымдастығының өкілдері мәлімдеді. Балық өсіруді кәсіп еткендердің басқа қандай мәселесі бар?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ақкөл қаласының жанындағы мына көл 15 жыл бойы қараусыз жатыр. Оған дейін онсыз да қамыс басып, сәні кеткен су қоймасы соңғы жылдары тіпті ластанған. Сондықтан оның жағасына ешкім келіп демалмайды, суға да түспейді.

Дегенмен, биыл су айдынын балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің бірі жалға алыпты. Сөйтіп, оны тазартудың қамына кіріскен. Ал оның ең арзан жолы әзірге суға хлорелла жасушаларын жіберу. Мамандардың сөзінше, бұл да өз кезегінде оң септігін тигізеді.

Николай Васильев, су технологиялық орталығының ғылыми қызметкері:

- Хлорелла, ең алдымен судағы оттегінің деңгейін көтеруге көмектесіп, шабақтардың жақсы жетілуіне сеп болады. Сондай-ақ түрлі су өсімдіктерінің өсуін тежейді. Ал ондай балдыр секілді жасыл биогенді заттар улы боп келеді. Яғни олардан токсиндер көп бөлінеді. Ал бұл балықтардың өмір сүруіне қауіпті.

Хлорелла жасушасынан кейін аталған көлге 1 млн дана тұқы мен мөңке балығының дернәсілдері жіберілді. Дәл осындай табиғи тазарту шарасы алдағы уақытта тағы бірнеше аудандағы су қоймаларында жасалмақ. Бірақ мұның барлығы балық шаруашылығы саласындағы мәселелерді толық шеше алмайды, дейді қауымдастық өкілдері.

Ерлан Мұқанов, облыстық балық шаруашылықтары қауымдастығының төрағасы:

- Біздің елде балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, жоспары бекітілген. Ондағы міндеттерді жүзеге асыру үшін бұл салаға басқаша көңіл бөлу қажет. Балықты аулау, оларды жемдеу және өсіріп жетілдіру секілді дүниелердің барлығына ғылыми көзқарас керек. Мәселен, Өзбекстанда небәрі 0,3 гектар жасанды су айдыны бар шаруа, 8 тонна балық өндіреді. Ал бізде 20 гектар көлі бар фермер, суда 10 тонна балық бар деп айтады, алайда оның бәрін аулай алмайды. Себебі заманауи құрылғылары жоқ.

Сондықтан қауымдастық балық өсіретіндерге мемлекет тек субсидиямен ғана емес, жеңілдетілген несиемен де жәрдемдессе дейді. Себебі бұл салаға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі қымбат. Сондай-ақ балықты тұтыну да көбейткен абзал. Өйткені ол да саланы дамытуға серпін береді.

Ерлан Мұқанов, облыстық балық шаруашылықтары қауымдастығының төрағасы:

- Мәселен, Ташкентте базарларға таңертең 150 тонна балық келеді де сол түске дейін таусылады. Сондықтан бізде де тамақтану рационына балықты көбірек қосу керек. Мүмкін баяғы Кеңес кезіндегі «бейсенбі – балық күні» деген нәрселерді қайтару қажет шығар. Әйтеуір тұтыну көлемін арттыруымыз тиіс.

Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуға кеңес береді. Бірақ бұл көрсеткіш бізде қазір 4 келіден аспайды. Алайда саланы дамытудың ең басты алғышарты көлдерді толық тазарту. Ал ол қыруар қаражатты қажет етеді. Облыстық жауапты басқармалардан сұрап білгеніміздей, аймақта әзірге тек Көкшетаудағы Қопа мен Бурабайдағы Шортан көлі ғана мемлекет қаржысына тазарту жоспарланып отыр. Ал шағын көлдерді жалға алған кәсіпкер өзі ретке келтіруі тиіс.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко