«Жаңа Қазақстанның» экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік – Ә.Смайылов

Орталық Азия елдерімен сауда қатынастарын нығайту ел үшін маңызды. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммитте мәлімдеді.

Айтуынша, бүгінде көптеген елдер үшін басты мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр. Осы тұста Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамыту және өнімділігін арттыру жөніндегі қадамдарды жандандырмақ. Ал ұзақ мерзімді перспективада азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі климатқа байланысты да күрделене түспек. Сондықтан Қазақстанда экология күн тәртібіндегі басты проблемалардың бірі екенін тілге тиек етті.

Айта кетерлігі, халықаралық институттардың деректері бойынша Орталық Азиядағы ішкі өңірлік тауар айналымы 6 жарым млрд долларды құрайды, бұл орайда аймақтағы елдердің өзара сауда үлесі олардың жалпы тауар айналымының небәрі 9 процентін алып отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Әлемдік экономикадағы терең құрылымдық өзгерістер аясында экономикалық дамудың ұлттық саясатын орта мерзімді перспективаға бейімдеу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты біз бизнес-қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар сарапшыларының белсенді қатысуымен Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік. Осы құжат аясында инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлік ортаны жақсарту, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, инновациялар мен баламалы энергетиканы енгізу, “жасыл” қаржыландыруды кеңейту бойынша жаңа шаралар дайындалады. Сондай-ақ білім беруді және ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға, экономика қажеттіліктері үшін білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аударылады.