Қ.Тоқаев: Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз

«Ұлттық Құрылтайдың құрамында 117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз». Алқалы жиын кезінде Президент осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі ескерілетінін де атап өтті. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады.