Өскеменде жаңадан салынған үйлердің сапасы сын көтермейді

Өскеменде былтыр ғана салынған 12 қабатты тұрғын үйдің қаптамасын жел ұшырып әкетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті бағана құлап, төменгі қабаттағы пәтердің терезесін қиратты. Абырой болғанда, тұрғындар аман. Қазір мердігер компания қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін де жаңадан салынған үйлердің бірінің осындай сыртқы жабындысы сыпырылып қалған. Тағы бірінің қабырғасы сөгілген.

Жанна Мырзақанова, қала тұрғыны:

– Өте қатты қорқып қалдық. Шатырымыздың шеті құлап кетті. Абырой болғанда, кісі болған жоқ мына жерде. Балалар ойнайды. Ипотека төлеп отырмыз. Сол үшін сапалы болса дейміз, бізге сол керек.

Аслан Байжүменов, мердігер компания өкілі:

– Мамандарымыз бірден келіп, барлығын реттеп жатыр. Бүгін таңертеңнен бастап айналысып жатыр. Бұйыртса, бүгін-ертең бітеді. Бізде келісімшарт бойынша үш жыл кепіл бар. Сондықтан бәрін орнына келтіреміз.