476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің іргетасы қайда кетті?

  • 383
  • UPD: 20:40, 16.06.2022

Биыл 150 жылдығын атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйінің ізі де қалмаған. Бұған дейін іргетасы тұрған. Ахаңның көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның өзінде қиюын келтірмей, жұрттың ашуын туғызған еді. Бұл әрекет жалпақ жұртқа әйгі болды.

Жақсыбек Әбдісалық, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:

Мынау арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті бұның қара шымнан кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар жобасы осы жерден. Мынау арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта біздің Ахмет атамыздың үйіндегі әжеміз осы жерде Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестені шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз.

Жермен жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді, дейді жұрт. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

Ұлттан да, ұлы ұстаздан да ұят болды деген осы. Аймақ тағы бір киелі нысаннан айырылды. Тура бір ай бұрын Ахмет Байтұрсынұлы туған үй толық бұзылды. Биыл Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы десек, мақтан тұтарлық ешқандай ескерткіш қалмаған.

Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді. 

Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген. Оған бір тиын да төленбегендіктен іс сотқа жетпейтін болды.

Ерлан Қалмақов, мәдениет басқармасының басшысы:

– Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан біз оны былайша айтқан кезде Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды.

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.

Әділбек Иманғалиев, Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. ПСД-ны жобалауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Экспертизаға дейін. Енді ол өзгелерді әлі.

Кәдіржан Бөрібайұлы, Ақкөл ауылының тұрғыны:

– Құлаған зат қайтып тұрмайды ғой. Қанша зарлағанымен ол қайтып келмейді. Ендігі салатын адам дұрыстап салса, көрнекі қылып. Бөлінген ақша аз емес.

Ал Ахаңға арналған кесене керісінше сапалы, әрі қымбат Жаңаөзеннен әкелінген теміртастан салынып жатыр. Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен 10 млн теңгеге екі аптадан кейін тұрғызылып бітеді. Алыстан көз тартатын нысанның аумағы 70 шаршы метр болады. Биіктігі 7 метрден асады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы