Көп кешікпей киік саны реттелмек – БҚО

Киікке де тықыр таянды. Батыс Қазақстан облысында қалың ақбөкен егінге қарай ауған. Диқандар осыған алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері көп кешікпей киік санын реттеуге қатысты шешім шығатынын айтады. Енді Орал төңірегінде киелі жануардың қаншасы қалады, қаншасы пышаққа ілігеді? Мұны ғылыми биологиялық негіздеме айқындайды-мыс.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

Аймақтағы ақбөкен атаулыға тықыр таянды. Қазіргі ахуалды аңдасақ, солай демеске лаж жоқ. Міне, министрлік өкілдері бастап, блогері мен басқасы қостаған топ тағы жолға шықтық. Бағыт киік көшіп-қонатын Жәнібек пен Қазталов ауданының аумағы.

Алдымен Алғабаста аялдадық. Бұрын негізінен оңтүстік аудандарды шиырлаған бөкендер бұл жерге де жеткен. Ақжайық ауданындағы 83 шаруа қожалығының 100 мың гектар шабындық және жайылым жері киіктен зиян шекті дейді сала басшылары.  

Нух Хайыров, шаруа қожалығының басшысы:

– 2-3 жылдан бері бұл жерге шөп шықпай қуаңшылық болып тұрған. Биыл жаңбыр болып қуанып отырғанбыз. Биыл енді шабындығымызды тап осылай қылып кетті. Мұны енді өздерің ойлаңдар енді.

Жәнібек пен Қазталовта да осы жағдай. Шаруалар жұмыс тобы өкілдерін күні кеше киік төлдеген жазықта қарсы алды. Қазір бұл жерде ақбөкеннің қарасы аз. Көбі құмға қарай көшкен. Ауыл тұрғындары қалыптасқан ахуалды баяндап, жанайқайын жеткізді.

Бауыржан Сабанов, шаруа қожалығының басшысы:

– Халық қарсы емес киікке. Жәй санын азайту керек. Болды, уақыты келді. Ауданда ақшаларымызды жұрттың бәрі кредитте отыр, мал шаруашылығын көтереміз деп. Мал азығы жоқ, үлкен проблема бұл деген. Егістік жерімізді мына мобильный группа келіп көмектесіп отыр, 3 машина тұр, 10 адам бағып отыр егістікке кіріп кетпесін деп.

Қайсар Көшәлиев, ветеринария ғылымдарының докторы:

– Бір киікке күніне 5-6 кг шөп жейді. 7-8 литр су ішеді. Сосын, енді, қандай шөппен қоректенген. 80 түрлі әртүрлі шөп. 1 киікке 20 гектар жер керек, қойға негізі 10.

Облыстағы төрт түліктің 65 проценті осы киік көшіп-қонатын 6 ауданда. Аймақта 555 мың гектар алқапта дәнді дақыл егіледі. Қазіргі мәлімет бойынша 28 мың гектар алқапқа бөкеннің тұяғы тиген.

Наурызбай Қарағойшин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыс көлемінде 15 миллион 134 мың га жеріміз болса, жаңағы оңтүстік аудандардағы 6 ауданда соның 10 миллион гектары сол жерде. Соңғы 2 айда келтірілген залал 1 миллион 2500 га. Соның ішінде шабындығы 34 мың га деп анықталып жатыр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

Міне, ақбөкендер ареалына да жеттік. Көз үйренген көрініс. Жер қайысқан киік әдеттегідей әлдеқайда жөңкіле жүйткіп барады. Шаруалар қаптаған киік жерімізді таптады деп күйінеді. Ал алыстан ат арытып жеткен мамандар бүй дейді.

Данияр Тұрғамбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

– Бүгінгі күні енді биологиялық негіздемені күтіп отырмыз. БН осы 20 маусымға дейін әзірленіп бізге тапсырылуы керек. Биологиялық негіздемені алған соң әрі қарай шешім абылдаймыз. Қазіргі уақытта нақты шешім жоқ. Қазіргі уақытта 1 миллион 318 басқа келіп отыр. Қазір ғалымдар оптималды саны қанша болу керек екенін шығарып береді. Әрі арай шешім қабылдаймыз.

Әкімдіктер ауыл шаруашылық жерлерін бөлген кезде жабайы жануарлардың мекен ететін ортасын, миграциясын ескермеді. Бұл үлкен қателік. Салынып жатқан жолдар да киіктің табиғи көшіп қонуына кедергі. Тағы бір маңызды тұс киік санын реттеуде міндетті түрде мемлекеттік монополия орнауы тиіс,– дейді табиғат жанашырлары.

Сәкен Ділдахмет, эколог:

– Ешбір жекеменшік аңшылық шаруашылықтар бұл реттеумен айналыспауы керек. Неге десеңіз, мұндай жұмыста көбіне көлеңкелі экономика орын алады. Контрабандалық жолмен заңсыз сатылуы мүмкін. Ал мемлекет өзі монополия  ұйымдастырып, тиісті мекемеге тапсырма беріп осы жұмысты атқарса, ертең келіп түскен қаражатты дәл сол табиғат қорғау жұмыстарына кешенді түрде осы мәселе шешімін табуы керек.

Сонымен кешікпей киік саны реттелетін болды. Ендігі міндет соны нақты жүзеге асыру тетіктерін тездетіп айқындау.

Айта кету керек, аймақта «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылады. Бұл да өзекті мәселенің тездетіп шешілуіне оң ықпал етері сөзсіз.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов