СҚО-да ауыл жұрты бар малын сатып жатыр

Солтүстік аймақта жайылым мәселесі күннен-күнге ушығып барады. Шартты жер үлесінен қағылғандар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді Қызылжар ауданына қарасты Рассвет ауылының тұрғындары амалсыз қолдағы малын сатып жатыр. Ерғали Жәкеев – Өзбекстаннан ата-жұртты аңсап келгендердің бірі. Рассвет ауылына қоныстанған ол алғашында қой шаруашылығымен айналысды. Кейін ірі қара ұстап, Зеңгі баба төлін көбейткен. Бірақ күні кеше бар малын сатып жіберді. Енді отбасымен Қостанайға көшіп кетпек.

Ерғали Жәкеев, Рассвет ауылының тұрғыны:

– Өткен жылы 20 сиыр сауатын едім. Сүт тапсырдық, күніне 150 литр. Биыл мүлде жер жоқ бағатын. Содан әкім келді де маған айтты, ауылдық округтің әкімі биыл сиыр бақпайсың деді мына жаққа. Сонымен мен сиырдың бәрін сатып жібердім. Сөйттім де қазір көшуге ыңғайланып жатырмын мен. Басқа шара жоқ. Шөп шабатын жер жоқ.

Қазір бақташылар жайылым таппай қиналып жүр. Төрт түлік ауыл маңына жайылса, жергілікті билік жауапқа тартамыз деп қорқытады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

Таңғы алтыдан жұмысқа кіріскен жылқышылар ат үстінен түспейді. Өйткені табынды жіті қарауы керек. Өйтпеген жағдайда олар айыппұл арқалауы мүмкін.

Талғат Ертаев, бақташы:

– Бағатын жер қалмады. Ағаштың баурайына апаруға орманшылар рұқсат бермейді. Ауыл іргесіне де жаюға болмайды. Әкім болса, айыппұл саламыз деп қорқытады. Малдарға обал.

Шырылдап жүрген шаруалардың енді бірі – Ақан Барлыбаев. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкімдік конкурс арқылы берген алқапқа көпжылдық шөп еккен. Бірақ ол аумақты биыл басқа кәсіпкер иемденген. Енді малына қысқа азық, жазда өріс таппай дал.

Ақан Барлыбаев, шаруа:

Ауылдық әкімдіктегілер былтыр бізге жайылым мен шөп егуге жер берді. Бірақ қайта тартып алды. Енді не істерімізді білмейміз. Мәселе шешілмесе, малдарды сатамын. Басқа амал жоқ. Салдарынан қаншама азамат жұмысынан айырылуы мүмкін.

Мәселенің ақ-қарасын білмек үшін ауыл әкіміне бардық. Бірақ ол түскі ас уақытында бізбен сөйлескісі де келмеді.

Белгілі болғаны 2020 жылы шаруаларға жайылымдық жер беру үшін конкурс дұрыс өтпеген. Аудан басшылары болса, бұл сұрақты жіті бақылауына алатындарын жеткізді.

Алма Нұрғалиева, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– 2020 жылы жер комиссиясының шешімімен Рассвет ауылындағы шаруаларға жайылым берілді. Бірақ Үкіметтің қаулысына сәйкес ауыл маңындағы учаскелер қайтарылып жатыр. Сондықтан аталған мәселені оң шешу үшін қазір бірнеше нұсқасын қарастыратын боламыз. 

Қызылжар ауданында қазір бұл мәселе өткір. Соңғы бірнеше жылда иесіз жатқан 5 мың гектар мемлекетке қайтарылған екен. Дегенмен де тұрғындарға мал бағу үшін әлі де 30 мың гектар жер қажет.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев