Шымкентте дәрігерлер құрметке бөленді  

 

Шымкент қаласында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты шарада денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек еткендер құрметке бөленіп, марапатқа ие болды. Жиынға қатысқандар аймақтың медициналық әлеуеті артып келе жатқанын айтады. Салаға озық технология енгізіліп, заманауи жабдықтар алынды. Адам жанына араша түсіп жүрген медицина мамандарын соңғы уақытта көзсіз батырларға теңегендер көбейді. Оған себеп бүкіләлемдік пандемияда басын қатерге тігіп, қауіпті аурумен күресте аймақ дәрігерлері ерліктің үлгісін көрсетті, – дейді. Үздіктер құрмет биігінен көрінді.

Биыл Шымкентте бала денсаулығын жақсартуға көп көңіл бөлінді. Соның арқасында 334 бүлдіршін динамикалық бақылауға алынды. Оңалту орталықтары мен агротерапия, арт-терапия сынды емдік-сауықтыру әдістері енгізілді. «Орфандық» ауруы бар 36 бала есепке алынды.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

– Біздің қалалық балалар ауруханасында нейрохирургия бөлімі ашылып, жақсы қажетті жабдықтармен жарақтандырылды. 36 баланың дәрі-дәрмегіне мәслихат депутаттарымен бірлесіп, 1,5 млрд теңге ақша қаралды биыл.

Марапат алып марқайғандардың бірі – Назира Құлқиева. №6 емхананың аға мейіргері «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Назира Құлқиева, қалалық №6 емхананың аға медбикесі:

Біздің мейіргерлер сол дәрігерлердің нұсқауымен әрі қарай жұмысты жандандырып, аймақтық мейіргер болғаннан кейін әр уақытта үйлерді аралап, халықтың денсаулығын бағалап, денсаулығын күшейту үшін қызмет етеді.

Ал медициналық көмекті қолжетімді ету үшін 13 денсаулық сақтау мекемесі пайдалануға берілді. Инвесторлар есебінен жүзеге асырылған жобаның арқасында 207 мың қала тұрғыны медициналық көмекпен қамтамасыз етілді.

Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Мемлекеттік серіктестік арқылы қазіргі уақытта емханалар көбірек ашылып, халыққа қол жетімділікті жасап жатырмыз. Осы бағытта көп ілгерілеушілік бар.

Шаһарда медициналық техникамен жарақтандыру көрсеткіші өсіп, 77% жетті. Ал жыл басынан бері 60 тан астам дәрігер білімін жетілдіріп келді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов