Н.Назарбаев әуежайы әлемдік беделді марапатқа ие болды

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы «World Airport Awards» аталымы бойынша Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік өңірлік әуежай деп танылды. Марапат 2022 жылғы 16 маусымда Париждегі ЭКСПО жолаушылар терминалында табыс етілді. 

«Біз Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын 2022 жылы Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік өңірлік әуежай ретінде осы маңызды марапатқа ие болуымен құттықтаймыз. Соңғы екі жыл бүкіл әлемдегі әуежайлар үшін өте күрделі әрі қиын кезең болды. Олар COVID-19 пандемиясына байланысты көптеген шектеулерге тап келді. Қазіргі күнде әуе тасымалдары қалыпты деңгейге қайта оралды. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында әуе тасымалдары ең жоғары стандарттартар бойынша орындауда. Сондықтан да аталған беделді сыйлықты осы әуежайға беруге шешім қабылданды», – деп атап өтті Skytrax бас директоры Эдвард Плейстед.

«World Airport Awards» – әлемдік әуежайлар индустриясындағы ең беделді марапат. Үздіктер дауыс беру нәтижесінде және арнайы жүргізілетін жаһандық сауалнама бойынша анықталады.

«Үздіктерді анықтау үшін әлемдегі 550-ден астам әуежайдағы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен ыңғайлылық жан-жақты сарапталған. Бұл сыйлық – жаһандық әуежай индустриясы үшін сапа стандарты болып саналады»,  – дейді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.

Марапатты алуда әуежай қызметкерлерінің және ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің еңбегін атап өту қажет. Олар күнделікті еңбегі арқылы жолаушылар тасымалын ыңғайлы әрі қауіпсіз ұйымдастыруда. 

Сауалнама 8 ай көлемінде жүргізіліп, оған 100-ден астам ұлт өкілінен тұратын әуежай клиенттері қатысқан. Зерттеу қорытындысы әуежайдың клиенттерге қызмет көрсету сапасы және тіркеу, ұшып келу, трансфер, сатып алу, қауіпсіздік, паспорттық бақылау сынды негізгі көрсеткіштер бойынша шығарылған, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.