Бурабай мен Марқакөл ЮНЕСКО желісіне енді

Бурабай мен Марқакөл айрықша қорғалатын қорықтардың дүниежүзілік желісіне енді.

Осылайша Қазақстанда әлемдік деңгейде қамқорлық жасалатын биорезерваттар саны 15-ке жетті. Мұндай шешім ЮНЕСКО-ның "Адам мен биосфера" атты бағдарламасын Халықаралық үйлестіру кеңесінің Парижде өткен сессиясында қабылданған. Бұдан былай, аталған аумақтарда ғылыми жұмыстан басқа өзге кез келген іс-әрекетті жасауға жол берілмейді. Осылайша қорықта жануарлар мен өсімдіктерді сақтауға және қайта қалпына келтіруге жағдай туады. Бурабай мен Марқакөлге барудың ережелері де қатаяды. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерге көбірек қаржы бөлінеді.

Адешола Адеподжу, ЮНЕСКО Халықаралық биологиялық бағдарлама жетекшісі:

- Қазақстан бұл іске өте жақсы дайындалыпты. Өтінімді қуана-қуана қолдадық. Осы жоғары нәтижемен қазақ елін құттықтаймын. Қазақстан делегациясы Парижде үлкен жұмыс атқарды және қажетті барлық ақпарат пен құжатты дер кезінде, тиісті көлемде ұсына білді.