Ақтөбеде онға жуық әлеуметтік нысанның құрылысы тоқтап тұр

Облыс орталығында мың орындық мектеп, туберкулезден емдейтін аурухана және жеңіл атлетика кешенінің құрылысы басталған. Бірақ жарты жолда тұралап қалған. Миллиардтаған бюджет қаржысы жұмсалған нысандардың бүгінгі жайы.

Жақында ғана Есет батыр атауы берілген Ақтөбенің бұл аумағында соңғы он жылда құрылыс қарқынды. Түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында ондаған көпқабатты үй тұрғызылып, халық саны да артып келеді. Сәйкесінше балабақша мен мектеп сияқты әлеуметтік нысандарға сұраныс жоғары. Алайда 4-шағын ауданы балалары үшін таяқ тастам жердегі мектепке қатынау арман боп тұр.

БЛИЦ 1:

- Міне 19-дом бар, міне 23. Ана дом бар. Енді бұл жерде халық саны көп. Балалар да көп. Ал осы жердегі местныйлар ана жерде екінші мкр бар. Сол жерде оқиды балалары. Одан қалды  сыймағаны ана жақта Қызылжарда мектеп бар. Сол жерде оқиды. Қатынау қиын жалпы.  Ал мектеп тұр дәл қасымызда. Бірақ білмеймін енді. 

БЛИЦ 2:

Көшіп келгеніме екі жыл болды осында. Екі жыл солайымен тұр әлі. Мына балаларға обал болды ғой. Қыстың күні әсіресе. Ана микрорайон, қалаға барады. Сосын мына Қызылжарға барады. Қыстың күні кішкентай сәбилер соған барып жүр. Енді мына школды білмеймін қашан бітетінін. Тіпті дыбыс жоқ. 

БЛИЦ 3:

Бізде анау 23-подъезде көп биыл оқуға баратындар. Менің де балам бар. Тағы да бір қызым бар. Мынаны ашса жақсы болар еді.

Бұл мектептің құрылысы туралы осыдан екі жыл бұрын облыс басшысы жариялаған болатын. Құны шамамен бір жарым миллиард теңге. Үйдің іргесінен білім ордасы ашылады деп тұрғындар да бір жасап қалған. Алайда қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылғаннан кейін жұмыс тоқтап тұр. Қазір басында күзетшіден өзге ешкім жоқ. Облыстық құрылыс басқармасы өкілдері мердігерге пандемия мен одан кейінгі материал бағасынының шарықтауы қолбайлау болды деп түсіндірді.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда ол мектептің ішкі отделочный жұмыстары қалды. Сырлау-әктеу жұмыстары қалды. Сонымен қатар даласын абаттандыру жұмыстары қалды. Осы 1 сентябрьге пайдалануға беремін деп отыр.

ІТ-мамандардың басын біріктіретін орталық құрылысы да жарты жолдан тоқтаған. Осы маңға жоспарланған жеңіл атлетика кешенінің  іргетасы да құйылмапты. Әкімдік өкілдері бұл нысандарға бюджеттің бір тиын қаражаты жұмсалған жоқ деп сендірді. Демеушілер есебінен кесек қаланған. Алайда жомарт мекемелер қаржы бөлуді тоқтатқан соң республикалық бюджеттен қолдау күтіп отыр. Онда да ІТ-орталығының орнына зияткерлік және киберспорт түрлерін дамытуға арналған кешен тұрғызылады. 

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Алдағы тамыз-қыркүйек айында жобалық-сметалық құжаттарды аяқтасақ, осы биылғы жылы бастап, келесі жылы аяқтауға, қаражат бөлуіне байланысты құрылысы жүргізілетін болады. 

Орта жолдан айнып қап, құрылысы тоқтаған тағы бір нысан денсаулық сақтау саласына тиесілі. Өкпенің құрт ауруына шалдыққан жандарды емдейтін жаңа 400 орындық аурухана бес жыл бұрын басталған еді. 

Мансұр Есқожин, тілші: 

- Қазір мұнда іргетасы ғана құйылып, әр жерде кірпіштері шашылып жатыр. Себебі жобаны зерделеген мамандар заманауи талаптарға сай емес деген шешім қабылдаған. Мәселен, балалар мен ересек бөлімдері дербес емес. Аса жұқпалы науқастарды оқшаулауға арналған бокс-бөлмелер ескерілмеген. Тіпті бірқатар медициналық құрылғылар да бастапқы жоспарға енбеген. Сондықтан жоба қайта жасақталуы тиіс.

Алайда нысанға тапсырыс берген денсаулық сақтау басқармасы қазір туберкулез диспансерінен бас тартып отыр. Себебі бұл дерттің өңірдегі жұқтыру көрсеткіші 23 процентке азайса, науқастардың көз жұмуы 27 процентке түскен. Бүгінде инфекциялық аурулармен күрес орталығы маңыздырақ дейді.

Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Герпитический инфекция дейді, сонымен қатар цитамегалавирустық инфекциялар, Ковид-19 инфекциясын айтпағанда осындай вирустар көбейіп бара жатыр. Ол науқастарды емдейтін арнайы бізде жағдайлар болуы қажет. Яғни бөлек-бөлек бокстар талап етіледі. Және де бұның желдету жүйесінің ерекше болуы қажет. Аурухананың салынуы бізге қазіргі кезде маңызды сұрақтардың бірі болып тұр.

Әйтеке би мен Мұғалжар, Қарғалы, Ырғыз аудандарында дене шынықтыру кешендерінің құрылысы бітпей тұр. Әкімдік өкілдері мердігерлердің немқұрайлығы мен жүктелген міндетке атүсті қарағандықтан тұрғындар сарыла күтуге мәжбүр дейді. Құрылыс материалы құнының шарықтап кетуінен де жаңадан есеп-қисап жасауға тура келген. Құрылыс қаражат қайта есептелгеннен кейін жанданады.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков