Жамбыл облысында егін ору науқаны басталды

Жамбыл облысында егінге орақ түсті. Күздік арпаны оруға алғаш болып Қордай ауданының шаруалары кірісті. Биыл күн қолайлы болып, егін бітік шыққан. Қазір диқандар гектарынан 35-40 центнерге дейін өнім алып жатыр.

Қордай ауданында 70 мың гектарға жуық масақты дәнді дақылдар егілген. Биылғы жылдың ерекшелігі орақ науқаны ерте басталды. Агрономдар егіннің шығымы алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы деп отыр. Қазір диқандар күздік арпаны орып алып жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Биыл ауа райының қолайлығына байланысты Қордайда егін бітік шыққан. Біз қазір Нұралы шаруа қожалығының алқабында тұрмыз. Бұл алқапта арпаның әр түбі 32-ден, 36-дан дән байлаған. Қазір шаруалар гектарынан 35 центнерге дейін өнім жинап алып жатыр.

Дүйсенхан Онгелдиев, шаруа:

- 4 мың гектарға жуық жер бар. Оның мың гектары күздік бидай. 600 гектары күздік арпа. Биыл өте жақсы.

Жоғары өнімділік тұқымға байланысты. Қазір Қордайда тұқым шаруашылығын дамытуға ден қойылып отыр. Ауданға ғалымдар тартылып диқандармен тікелей жұмыс істеп жатыр. 

Сейткәрім Қалтаев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты білім тарату және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу орталығының жетекшісі:

- Тұқым шаруашылығын дамыту керек. Шаруашылықтардың бәрі бірінен бірі тұқым алады да не егіп жатқанын өздері де білмейді. Көбісі 12, 15-репродукциямен жұмыс істеп жатыр. Ол деген не? Ол деген сапасы төмен. Екіншіден, сортасмесь көп олардың ішінде. Сондықтан өздеріңіз көріп тұрсыздар, ешқандай смесь жоқ таза өнім.

Егіншілікте суармалы су мәселесі де аса маңызды. Қазір қордайлық шаруалар жүгеріге тамшылатып суару технологиясын пайдалануға жаппай көшіп жатыр. Ауданда 8 мың гектар жүгерінің 6 мыңнан астамы тамшылатып суарылады. 

Жұмабек Есжиғанов, шаруа:

- Арықпен суаратынбыз. Ол өте қиын. Су көп кететін. Ол кезде 200 литр су болса, қазір бізге 60-70 литр су жетеді. 80 литр сумен біз бір суткада 50 гектарды суғарып шығамыз. 

Жалпы биыл Қордай ауданында қамбаға 150 мың тонна астық бастыру жоспарда. 

Мәден Мұсаев, Қордай ауданының әкімі:

- Бидай да жаман емес. Енді осы бір аптадан кейін жалпы бидай түгел шабыла бастайды. Міне бүгін бірінші күн. Аудан бойынша 40 мың гектар арпа егілген. 22 мың күздік егілген. Жылда егіп жүрген көлемі осы. Соңғы екі жыл өте қуаңшылық болды. Биылғы жыл өте шаруа қожалықтарына жақсы жыл боп тұр. Ылғал мол.

Жамбыл облысы бойынша 360 мың гектардан астам арпа, бидай себілген. Биыл егін алқаптарындағы ору науқаны жылдағыдан 10 күн ерте басталды. Қазір шаруалар төкпей, шашпай жинап алуға жанталасып жатыр. 

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә