Тек су мәселесімен айналысатын министрлік құру керек – Депутат

Тек су мәселесімен ғана айналысатын өз алдына жеке министрлік құру керек. Депутат Еділ Жаңбыршин осындай ұсыныс айтты. Қазір 3 бірдей мемлекеттік орган бұған жауапты. Бірақ бұл іспен түбегейлі айналысатын мекеме жоқ.

Ал елде бір жұтым суға жарымай отырған елдімекен саны 1 жарым мыңнан асады. 2040 жылға қарай  су тұтыну деңгейі тіпті 46 пайызға артып кетуі мүмкін. Жалпы бұл мәселе неден туындады? Енді қайтпек керек?

600 мыңға жуық тұрғын әлі күнге дейін тіршілік нәріне жарымай отыр. Бұл аздай гидротехникалық құрылғылардың 90% тозған. Егемендік алған 30 жылда ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін таппады. Кезінде «Ақбұлақ» бағдарламасы реттейді деп СЕНДІК. Алайда жоба аяқсыз қалды. Бөлінген қыруар қаражат талан-таражға түсті.

Сондықтан депутат Еділ Жаңбыршин бұл іспен жеке министрлік айналысуы керек деп санайды. 

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Сумен айналысатын министрлік бір ведомоство құрылуы керек. Өз алдына бөлек. Мен сөй деп есептеймін, өзім де баяндамамда айттым. Себебі біз өзіміздің ішкі мәселелерімізді шешіп қоймай. Біз халықаралық деңгейде су бассейнінің 7 трансшекаралық, бізге келетін судың 50 пайыздай, 47-48 пайыздеп айтады, сырттан келеді су, жаңағы өзендермен. Осының бәрінде су дипломатиясында көрші елдермен бірдей статуста, бірдей деңгейде сөйлесуіміз керек. 

Ауыз су мәселесі әрбір аймақтың бас ауруына айналғалы қашан. Әсіресе Қостанай облысында ахуал мүшкіл. Ондағы елді мекендердің 25%-і бір жұтым суға зәру. Солтүстікте 200-ден астам ауыл тіршілік нәріне жарымай отыр. Тұрғындар шөлін басу үшін құдықтан су тасып ішуге мәжбүр. Ал Атырау облысында халықтың 99% ауыз сумен қамтылған. Бірақ таза суға мұқтаж ауылдар бар.

Елордаға келіп, депутаттардың алдында есеп берген аймақ басшысы ондағы ахуалды бүкпесіз баяндады. Серік Шәпкенов «бәрін қатырып жатырмын» деген сылдыр сөз, құрғақ уәдеден гөрі кемшіліктерді жіпке тізді. Алдағы 5 жылда аймақта су тұтыну көлемі 40 проценттен арта түсетінін ашып айтты. Қордаланған мәселелерді шешу үшін қазынадан қосымша қаражат бөлуді сұрады.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- 25 елді мекен бойынша қазіргі таңда ауыз су мәселесі бар. Алайда Атырау қаласы және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін су тазартқыш жабдықтары өткен ғасырдың 1930 және 60-жылдары қолдануға берілген. Қазір олар апаттық жағдайда. Осыған байланысты, жаңа екі сүзгілеу станциясын іске қосу жоспарланып отыр. 

Қазір әлем бойынша су тапшылығы өткір тұр. Ал бізде егіске жіберілетін судың 40 проценті далаға кетіп жатыр. Өйткені инфрақұрылым нашар. Осы сынды қордаланған түйткілдерді шешу үшін арнайы оператор құру көзделіп отыр. Ол үшін мәжіліс Су Кодексін қабылдамақ. Жобаны қазір жауапты министрлік әзірлеп жатыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында 5 жылда қалалар мен ауылдарды 100 процент ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Бірақ әлі 1543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту керек. Жақын арада Парламент Мәжілісіне жаңа су кодексін енгізу керек. Ең бастысы су кодексі су ресурстарын сақтауға және тиімді суды пайдалануға бағытталуы тиіс.

Ерлан Қошанов БҰҰ-ның болжамын да тілге тиек етті. Ұйымның есебінше, 2030 жылға қарай әлемде су тапшылығы 40% жетуі мүмкін. Тіпті сарапшылар тіршілік нәрі мұнайдан да қымбат болады деп топшылаған. Сондықтан осы бастан қамдану қажет. Бұл ретте Үкіметке Президенттің берген тапсырмасы бар. 2025 жылға қарай ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін табуы қажет. Оптимизмге толы жоспардың қаншылықты орындаларын уақыт көрсетер. 

Назерке Әбдірахманқызы, Арман Ақшабаев, Самат Әубәкір