loader


Түркістан облысы Келес ауданындағы ауылдарға газ тартылмаған

Келестегі ауылдар әлі күнге табиғи газсыз отыр. Бюджеттен бөлінген 304 миллион теңге әлдеқашан игерілген. Үйді-үйге инженерлік желілер де тартылған. Бірақ жұртшылық сұйық отынды көретін емес. 500-дей отбасы құрғақ уәдеден шаршадық дейді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Оңтүстік шағын ауданының халқы табиғи газ тапшылығын көп көрді. Мұнда тіпті есептеуіш құрылғылары орнатылып, инженерлік желілері де тартылып қойған. Кенет табиғи газ таратуға мораторий жарияланып, құрылыс жұмыстары тұралап қалды.

Салдарынан тұрғындардың көптен күткен қуанышы су сепкендей басылды. Баянсыз бастамаға қапалы жұрт жергілікті әкімдіктің табылдырығын тоздырып біттік дейді. Тек құрғақ уәде беріп, селқос қарап отырғанын айтады.

Айбек Исмайлов, Қошқар ата ауылының тұрғыны:

- Негізінде газ берілуі керек еді. 10 жылдан бері өз өтініштерін айтады. Тамыздың біріне дейін деп айтты кеше де. Қазір әкіміміз де айтып жатыр. Бірақ аяқ астынан ертең шешіле қалады ма екі айда!? Мен ғана емес, көршінің бәрі сөйтіп айтып отыр. Соған сенбейді.

Ал Қошқар ата ауылына екі мыңыншы жылдары көшіп келген Қанат Сейдәзімов іргелес елді мекендерге қызығып та, қызғанып та қарап жүр. Себебі көшесіне көгілдір отын берілмек түгілі оның құбыры да тартылмаған. Бірақ әкімдіктегілер халықпен кездесуінде өзі сияқты 25 көршісін әлде қашан газға қосып қойғанан айтыпты.

Қанат Сейдәзімов, Қошқара ата ауылының тұрғыны:

- Отынның бәрін аламыз. Қырқамыз, кесеміз дайындап қоямыз. Көмірхананы көрсеттім жаңа. Қалай от жағатынымызды да. Қалай қыс келеді екі бөлмеге тығыламыз. Мысалыға біз де қазір осындағы 25 үйде газ жоқ. Ары қарай бар. Ал мына жерден 100 метрден кейін тағы да газдың линиясы бар. Бірақ бізде жоқ. Екі ортада қалып кеткенбіз. 

Ал жауапты мамандар барлық мәселенің жыл соңына дейін шешілетінін айтады. Өйткені 2020 жылы құрылысы басталған қосымша газ тарату станциясы аяқталуға жақын қалды. Автоматтандырылған нысан пайдалануға берілсе қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрге дейін көбеймек. Нәтижесінде аудан орталығынан бөлек іргелес жатқан бірнеше ауылды толық көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік туады. 

Мұхтар Байғұлов, Келес аудандық ТҮКШ және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта ең соңғы қалдық қаржысы бөлінді. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін толығымен тапсырамыз. Қазір сағатына 30 мың куб құрылысы аяқталғаннан кейін АГРС-тің оның 10 мың куб шамасында артық тұрады. Болашақта қосылатын ауылдарға жоспарланып істелген.

Ауданда Абай ауылдық округіне қарасты төрт ауылға табиғи отын жеткізу үшін инженерлік жүйелер тартылған. Бірақ халық қосымша станция іске қосылғанда ғана көгілдір отынның қызығын көреді. Жергілікті билік өкілдері оған дейін тұрмыстық газға дербес шоттарын әзірлей беруі керек. 

 Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...