Жастар ресурстық орталықтарына жастардың небәрі 5% ғана барады

Еліміздің аймақтарында құрылған жастар ресурстық орталықтарына жастардың 5 пайызы ғана барады.

Жағдайды түзеу үшін өзгерістер керек. Онсыз орталықтардың белсенді жұмыс істеуі қиын.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов Алматы мен Қонаевтың жастарымен өткен кездесуінде осы және өзге де бірқатар мәселелерді талқыға салды. 

Өңірлердегі ахуалды зерттеу вице-министрдің басты мақсаты. Алматыда 300 мыңнан астам студент бар. Олардың барлығы жастардың ресурстық орталықтарының қызметіне жүгінеді деу қате. Өйткені жастардың көбі мемлекеттік қолдау бағдарламалары жайлы хабарсыз. 

Александр Даниловтың пікірінше, жағдайды өзгерту үшін орталықтарды сұранысқа ие контентпен толықтыру қажет.

Александр Данилов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

- Біз бүгін жастарға негізгі жұмыс беруші әріптестерімізбен кездесіп жатырмыз. Сол себепті де қажетті диалог орнатып, оларға көмек көрсетуіміз керек. Сонымен қатар қызметкерлердің тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар құрып, өзге де салалар бойынша кәсіби біліктілікті жоғарылатуды көздейміз. Жан-жақты білімі болса, біліктілігі артса басқа жұмысқа да оңай ауыса алады. 

Бұған дейін вице-министр Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарының жастарымен кездесу өткізді. Сонымен қатар Қонаев қаласында да болды. Жаңа облыс орталығында демографиялық өсім тіркеліп, аймақтың жастары мемлекеттік бағдарламалар есебінен жақсы қолдауға ие болмақ. Осы тұрғыда кездесу нәтижелі өтті дейді Александр Данилов. Іссапар бойынша жинақталған барлық материалдар өңделіп, соның нәтижесінде жергілікті жастар ресустық орталықтарының жұмысын жақсарту бойынша шешім қабылданады. Жастардың бастамаларын мемлекеттік деңгейде  қолдау жағы да қарастырылады.

Индира Оразалинова, Назгуль Бошан, Валентин Лобанов, Сержан Жумабаев