Атырауда саяжайлар қаланың бас жоспарына енгізілетін болды

Атырауда саяжайлардан үй тұрғызып алғандар жарық пен жолға қол жеткізе алмай келеді. Себебі елді мекен деген мәртебесі жоқ ауылдарға қалалық бюджеттен қаражат қарастырылмайды.

Дегенмен, осы аймақтағы жұрттың мұңын біздің тілшілер билік басындағыларға жеткізген еді. Енді осындай 45 елді мекен қаланың бас жоспарына енгізіліп, қордаланған мәселелер біртіндеп шешілетін болды.

Бұл осыдан 1 ай бұрынғы «Мелиоратор» саяжайында орын тепкен ауылдың жай-күйі. Ауыз суды тасып ішеді. Ал электр желісі жүйесіз жүргізілген. Мына соқаларды тұрғындар өздері тұрғызып, тоқ тартып алыпты. Онысы жел тұрса өшіп қалады екен. "Біз үшін басты проблема көлік қатынасы" дейді тұрғындар.

Айбарша Хисарова, "Мелиоратор" бау-бақша қоғамдастығының тұрғыны:

- Жол бізге дейін 800 метр қашықтықта жатыр. Жаңбыр жауып, балшық болса, ауру адамдарымызға жедел жәрдем де келмейді, құдық септик канализацияны да сорғыза алмаймыз. Машиналар келсе, батып қалады.

Жазғы маусым басталысымен саяжай мен жаңадан бой көтерген ықшам аудан тұрғындарын қинайтын ең өзекті мәселе жарықтың әлісіздігі. Жүздеген шақырымнан жеткізілетін жарық жиі өшеді. Тұрғындардың шағымынан кейін былтыр осындай ауылдарға 50 трансформатор орнатылған еді. Биыл тағы 40 дана ток реттегіш алдырылыпты.

Мұхтар Сағындықов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Түскен арыз-шағымдар бойынша тағы да зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қазір 30 мекен-жәй анықталды, трансформатор қойылатын. Қосымша бөлшектері алынғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Бұл күнде Атырауда 45 саяжай қоғамдастығы бар.  Жол мен жарық мәселесі олардың барлығына ортақ. Осыған орай қала билігі биыл жаңа жобаны қолға алған болатын. Енді саяжайлар біріктіріліп, ауылға айналатын күн алыс емес.

Мейірім Қалауи, Атырау қаласының әкімі:

- Сол 33 саяжайды 7 аумаққа қосып отырмыз. Бұрын білесіздер «Рыбник», «Химик» әртүрлі атпен болса, қазір бәрін бір аймаққа кіргізіп отырмыз.  Оның атын болшақта қоя жатармыз. Сосын паралельно ЖКХ бөлімі заявка беріп жатыр. 50 млн теңге қарап, беріп отырмыз. Ол жол мен инфрақұрылымының жобасын бастап кетеді.

Жаңа жобаны жүзеге асыруға биыл облыстық бюджеттен 195 млн теңге бөлінген. Кейін қалған 12 қоғамдастықтың да проблемалары біртіндеп шешілетін болады.

 Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев