«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен12 мыңға жуық жас маман жұмыс істеуде – Түркістан облысы

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асқалы 12 мыңға жуық жас маман Түркістан облысының елді мекендерінде жұмыс істеуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың әлеуметтік жағдайын жасауға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Дана Аман елордадағы медицина университетінде оқып, терапевт мамандығы бойынша диплом алған. 2020 жылдан бастап Созақ аудандық орталық ауруханасында жұмыс істейді. Аурухана басшылығы жас маманға фтизипедиатор қызметін қатар атқаруды жүктепті. Дана ауылға келгеніне өкінбейтінін айтады.    

Дана Аман, терапевт-дәрігер:

Нұр-Сұлтанда қалып жұмыс істеуіме болатын еді. Бірақ дәрігер болған соң осы мамандықты таңдағаннан кейін ауылды мекендерді таңдап, осы жерге де бір үлесімді қосайын дедім. Созақ аудандық орталық ауруханасының маған ұсынған бағдарламасы ұнағаннан кейін 2 жыл болды жұмыс істеп жатырмын. Жолдасым, екі балам бар. Соларды асырап, тәрбие беріп жатырмыз.

Аурухана бас дәрігерінің айтуынша, соңғы 3 жылда мұнда мемлекеттік бағдарламамен 10-ға жуық жас маман келген. Олар бүгінде дәрігер-хирург, терапевт, балалар дәрігері, жансақтау, жедел жәрдем қызметі сияқты әр бөлімде қызмет атқарады. Дананың да білімі мен білігі, әріптестерімен қарым-қатынасы ерекше екені бірден байқалады. 

Бақытжан Мырзагелдиев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:

Білікті дәрігер, жан-жақты, кәсіподақ ұйымының жұмысына болсын, ұйымдастыру қабілеті жеткілікті. Осы ауданда тұрып жатыр. Науқастармен тіл табысуы өте керемет. Кішіпейіл, кеше пандемия кезінде де өзін жақсы жағынан көрсетіп, науқастардың аман-есен қалуына өз үлестерін қосты.

Дана тек білікті дәрігер ғана емес, отбасында ибалы келін, аяулы ана, сүйікті жар. Жұмыс пен үй шаруасына да үлгереді.

Такина Сәрсенбиева, енесі

Келінім алтын. Келінімді мақтаймын. Жұмысына да үлгеріп жатады, үйдің де тірлігін істейді келіп. Тамағын істеп, асымызды беріп, алдымызға қойып, бәрін беріп жатады. Рахмет келініме.

Дәрігерлердің айтуынша, ауылға келген жас мамандар қайнаған жұмыстың ортасына түседі. Сөйтіп жүріп тәжірибе жинайды. Оған себеп – өңірдегі маман тапшылығы. Тек медицина саласында ғана емес, басқа салаларда да білікті мамандарға сұраныс көп. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы, өндір, қайта өңдеу салалары дамып келеді. 2009 жылдан бері ауданға «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 300-ге тарта жас маман келген. Олардың 100-ге жуығы баспанамен қамтылса, қалғаны көтерме жәрдемақы алған.

Мұхит Тұрысбеков, Созақ ауданының әкімі:

– Ол түрлі саладағы мамандар – медицина, білім беру, спорт, мәдениет және ауыл шаруашылығы салалары. Биыл соның 14 адамы баспаналы болады деп күтіп отырмыз. Бізде енді өндірістік аудан болғанан кейін геология, барлау мамандықтары және мал дәрігері, ауыл шаруашылығы мамандары көбірек керек. Себебі жылдан жылға ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді.

Жаңа ережеге сәйкес енді 100 АЕК көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алуға берілетін 1 500 АЕК көлеміндегі қаржы сұранысқа ие мамандықтарға беріледі. Жалпы Түркістан облысында 2009 жылдан бері 11 мың 600-ге жуық жас маман ауылға жұмыс істеуге барған. Олардың 7911 білім беру, 2832-сі денсаулық сақтау, 383-і агроөнеркәсіптік кешендерге орналасқан. 3573 маман баспаналы болыпты. Биыл аталған жоба бойынша көтерме жәрдемақы 1 625, ал бюджеттік несие 459 маманға ұсынылады деп жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов