Қарағандылық дәрігерлер мереке қарсаңында бір миллион теңге көлемінде сыйақы алды

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаттарының есімдері аталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемиядан кейін аймақ басшысы алғаш рет дәрігерлерді үлкен сахнада құттықтады. «Осыдан екі жыл бұрын әу бастан коронавирустық инфекциямен күрес майданының алдыңғы шебіне сіздер шықтыңыздар, отандастарыңыздың денсаулығына қауіп төнген кезде шетте қала алмадыңыздар. Осының арқасында инфекцияның таралу жолына тосқауыл қоя алдыңыздар. Санитар қызметкерден бастап кәсіпорын басшыларына дейін демалыс дегенді ұмытып, материалдық сыйақы туралы ойламай, қауіпті аурумен күресудің алдыңғы қатарында жұмыс істегендердің барлығына алғыс айтқым келеді», – деді өңір басшысы Жеңіс Қасымбек. Сондай-ақ облыс әкімі денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Ауылдық аудандардың тұрғындары үшін жоғары технологиялық медицина қолжетімді болды, гемодиализ бөлімшелерінің, оңалту орталықтарының, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография кабинеттерінің географиясы кеңеюде. Биыл компьютерлік томографтар Қарқаралы, Осакаров және Жаңаарқа аудандарында орнатылады. Сирек аурулары бар науқастар өмірлік маңызды препараттарды тегін алады. Облыс қалаларында отбасылық денсаулық орталықтары ашылуда, ауылдық жерлерде 10 ФАП құрылысы басталды. Соңғы 5 жылда жас дәрігерлер 300-ден астам жайлы пәтер алды.