Павлодарлық дәрігер Дамир Қапшақбаев жүздеген науқастың өміріне араша болды

84 жастағы Владислав Блинд Дамир Қапшақбаевтың қабылдауына тоғыз жыл бұрын түсіпті. Жағдайы нашарлаған соң диагнозы бойынша операция жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлердің шешімімен зейнеткердің жүрегіне кардиосимулятор қойылды. Құрылғының  қолданыс мерзімі өткен соң ол дәрігерімен қайта қауышты.

Владислав Блинд, науқас:

- Жүрегім сыр берген соң, шұғыл түрде операция жасалды. Сол кезде Дамир Сирктайұлының қабылдауына түстім. Міне, зымырап уақыт өте шықты. Құрылғыны ауыстыруға қайта келдім.

Дамир Қапшақбаев облыстық кардиология орталығы ашылғалы жұмыс істейді. 10 жыл бұрын жас маман болып келген ол бүгінде Электрфизиологиялық зертхана меңгерушісі әрі өңірдегі санаулы аритмолог-дәрігерлердің бірі.

Дамир Қапшақбаев, облыстық Кардиология орталығы Электрфизиологиялық зертхана меңгерушісі, аритмолог-дәрігер:

- Отбасымызда бұрын-соңды дәрігердер болмаған. Сондықтан жанұямның ортақ шешімімен бұл мамандықты таңдадым. Өкінбеймін, әрине. Дәрігерлік - жанымның қалауы. Науқасқа көмек көрсетіп, денсаулығының жақсарғанын көруден артық ештеңе жоқ.

Дамир Қапшақбаев осы күнге дейін жүздеген науқастың өміріне араша болып, талай адамның алғысын арқалады. Оның өмірлік мақсаты да сол, еңбекке адал болу. Кардиологиялық орталық ашылғалы 40 мыңнан астам азамат ем қабылдады. Дәрігерлер төл мерекелері қарсаңында сый-құрметке ие болды.

Марат Қанжығалин, қалалық №1 ауруханасы Күйік бөлімінің меңгерушісі:

- Тоқсаныншы жылдардан бері медицина саласындамын. Сол сәттен бері күйік бөлімінде еңбек етемін. Ұлым менің жолымды қуып, кардиолог-дәрігер болып жұмыс істейді. Мерекеге орай «Алтын скальпель» марапатына ие болдым.

Аймақта дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсартуға мән беріліп келеді. Биыл өңірдің медициналық ұйымдары заманауи құралдармен жабдықталады. Кадрлардың біліктілігін арттыруға қомақты қаржы бөлініп, жас мамандардың әлеуметтік қорғауға басымдық берілмек. Жыл соңына дейін медициналық колледждің жатақханасы бой көтермек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат

 

Сондай-ақ...