Көкшенің сұлу табиғатын қорғау үшін түтін детекциялары көптеп іске қосылып жатыр

Өңірлерде өртті дер кезінде анықтайтын түтін детекциялары көптеп іске қосылып жатыр. Мәселен, бұған дейін дала өрті жарты сағатта белгілі болса, қазір 10 минутқа дейін қысқарды.

Smart жүйе 130 мың гектарға жуық аумақты автоматты түрде бақылайды. Камера шеңбер бойымен қозғалып, суретке түсіреді. Кейін материалды базаға жөнелтеді. Аса қауіпті жерлер болса, қызыл контурмен белгіленіп, жедел басқару орталығының пультіне жолданады. Осы жүйенің көмегімен бірнеше броконьердің ізі де кесілді. Демек, жобаға бюджеттен бөлінген 700 млн теңге аз уақытта өзін ақтайды.

 Асылхан Ахметжанов, орталық басқару жүйесінің бөлім басшысы:

- Бұл жүйеден бөлек найзағай қашан жарқылдайтынын анықтайтын 3 құрылғы бар. Себебі биыл 10 өрт тіркелсе, оның 90 проценті найзағай салдарынан. Бұл камерада жазылған ақпарат 1 ай көлемінде сақталады. Әрбір контейнерде дизельді генератор, күн батареялары мен екі аккумуляторлы батарея бар. Әр мұнарада үш камерадан.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Көкшенің сұлу табиғатын қорғау үшін 2020 жылы смарт жүйе іске қосылды. 13 бейнебақылау камерасы 30 метрлік арнайы күзет мұнараларына орнатылған. Бұл камераларда орман өрттерін ерте анықтайтын детекциялар бар. 

Былтыр осы жүйенің көмегімен 20 гектарды шарпыған жалын ауыздықталған. Десе де, таулы аймақты күні-түні бақылайтын орманшылардың жұмысы жеңілдеген жоқ. Сондай тынымсыз еңбеккердің бірі Жеңіс Шалов. Жеті жылдан бері кербез сұлу көкше өңірінің орманын күзетіп келеді. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Алда-жалда орман жақтан дабыл қағыла қалса, дереу атқа қонып, алып ұшады. 

Жеңіс Шалов, мемлекеттік инспектор:

- Әрдайым ағашта жүреміз. Қазір броконьер деген бар. Соларды бақылаймыз. Заңсыз ағаш кеседі. Мысалы, каронда тұрып жатқаныма 5 жылдан асты. Жауапты көлемі 20 гектар. Таңертең шығам, аралаймын, кешке бақылаймын. Оны қойған бізге өте жақысы. Мына жақты мен араласам, ана жақты олар бақылайды. Рациямен байланысамыз.

Одан бөлек таяуда екі жақты байланыс жүйесі де іске қосылған. Ол орманда адасып кеткен адамға бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Мұнараның жанына келіп радиобайланыс арқылы мән-жайды түсіндірсеңіз болғаны. 

Наргиз Бекмағанбетова, Диас Қовланбаев