Бөкей Ордасы. Тұңғыштар мекеніндегі туризм қалай дамымақ – БҚО

Қазақ даласындағы соңғы хандық Бөкей Ордасы аумағында көне әкімшілік ғимараттар әлі сақталып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тарихи ескерткіштерді тамашалауға саяхатшылар жиі барады. Алайда туристерге қолайлы жағдай жоқ. Сала мамандары биыл музей кешенін жаңғырту жобасы басталатынын айтады. Бөкей Ордасы ауданын жұрт «Тұңғыштар мекені» деп те атайды. Онысы бекер емес. Қазақ даласындағы алғашқы білім ордасы, қазына мекемесі, баспахана, дәріхана, музей сияқты нысандар осы жерде Жәңгір хан билігі тұсында ашылған. Сол ғимараттар әлі бар. Сәні келіскен хан сарайы да алыстан менмұндалап тұр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

Туристерді тамсандырған Хан сарайы – осы. Ғимарат қарағайдан тұрғызылған. ХІХ ғасырдың аяғында оның тең жартысы отқа оранған екен. Тек мына шығыс бөлігі ғана түпнұсқа күйінде сақталған. Ал өртелген бөлігі осыдан он шақты жыл бұрын ескі сызбамен қайта қалпына келтірілген екен.

Әлихан Кәрімов, экспозиция бөлімінің меңгерушісі:

– Ханның сарайында 23 ірі бөлме болғандығы жөнінде айтады. Ол сызбаны мына жерден де көресіз. Қару-жарақтар палатасына қойылған жәдігерлердің көбісі сол кездегі, ХІХ ғасырдың қару-жарақ түрлері. Әрине дәл осы Жәңгір ханға тиесілі қарулар, өкінішке орай, бірде-біреуі сақталған жоқ.

Тасын түртсең, тарихы төгілетін өлкеде туристер өткен ғасырларға еніп кеткендей болады. Әрбір жәдігерден хандық дәуірдің иісі аңқиды. Мұнда келушілер қатары сиреген емес. Алайда оның көбісі облыс тұрғындары. Музей кешені аймақта ғана емес, елдегі туризмді түлетуге сұранып тұр. Тек инфрақұрылымның нашарлығы кедергі.

Арнат Зейінғалиев, турист:

Мен Белестен келдім. Орал қасындағы Бәйтерек ауданынан. Бұрын болған жоқпын, бірінші рет келіп тұрмын. Қатынасқа қиын. Жол салса екен. Жол салса, бәрі, енді келеді ғой мында.

Кешен аумағындағы тарихи ғимараттардың біразы әбден тозған. Кейбірі жарамсыз күйде тұр. Оларды жақын арада жаңғырту қажет.

Андрей Федориди, Бөкей Ордасы тарихи-музей кешені директорының әкімшілік-шаруашылық жөніндегі орынбасары:

– Мына сіздің көріп тұрған С.Меңдешов тұрған үй, жұмыстары басталуы керек. Реставрация жүреді. Соған 20 млн ақша бөлінді. 2023 жылы мына А.Оразбаева тұрған үй реставрациядан өтеді. Сосын осы территориямыздағы Хан сарайы күрделі жөндеуден өту керек. Қалған мына инспекторлардың үйлері, Тарғын мектебі, солардың бәрі күрделі жөндеуден өту керек. Жалпы сомасы 505 млн ақша құралып тұр.

Оның үстіне музей қызметкерлеріне әкімшілік ғимарат салу маңызды. Әйтпесе қазір еңбек ұжымы тарихи нысандарды кеңсе ретінде қолданып отыр. Сондай-ақ туристерге қызмет түрлері қолжетімді болуы үшін визит орталығын ашу ұсынылған.

Мереке Рушанов, Бөкей Ордасы тарихи-музей кешені директорының инновациялық даму жөніндегі орынбасары:

– Биылғы жылы әкімшілік орталығы мен визит орталығын салу үшін облыстық бюджеттен КПО арқылы 432 млн теңге бөлініп, соған мердігерлер анықталуда.

Облыс орталығын Бөкей Ордасы ауданымен байланыстыратын «Қазталов – Жәнібек – Ресей шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» республикалық жолдары жаңғыртылып жатыр. Енді трассадан Хан Ордасы ауылына апаратын жолдың құрылысы басталады. Тарихи-музей кешені «жалпыұлттық киелі 100 нысан» қатарына енді. Төрт жылдан соң Бөкей хандығының 225 жылдығы тойланбақ. Жергілікті билік өкілдері соған дейін кешенді толықтай жаңғыртып, туристерге қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов