Қостанай облысында шекара түбіндегі ауылдың қайта түлеуіне үміт бар ма?

Қостанай облысында кейінгі үш жылда отызға жуық ауыл жойылып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл да бірнеше елді мекен болашағы жоқ деп танылуы мүмкін. Солардың бірі – Қарабалық ауданындағы Жаңауыл. Шалғайдағы елді мекенге былтыр Маңғыстаудан бір-екі үйелмен көшіп келген еді. Теріскейге қоныс аударған жандардың тірлігімен тілшіміз танысып қайтты.

Мағауия Қалиев, тілші:

Ресеймен дәл шекара түбіндегі Жаңа ауыл елді мекені карта бетінен жойылып кетудің сәл алдында тұр. Бүгінде мұнда небары он-ақ үй қалған. Ендігі бар үміті бұл ауылдың еліміздің, оңтүстігінен,батысынан келетін көште. Былтыр осы ауылдық округке Маңғыстаудан екі отбасы қоныс аударса, биыл олардың қатарын тағы үш отбасы толтырмақ.

Маңғыстаудың тумасы Алтынбек Есполов Петербург қаласындағы электр техникалық университетінің түлегі. Біраз жыл еліміздің байланыс саласында өңірлік денгейде басшылық қызмет атқарған. Екі жыл бұрын өмірін күрт өзгертіп, мал шаруашылығымен айналысуға бел буыпты. Сөйтіп Ақтаудан еліміздің теріскей шетіндегі «Жаңа ауылға» қоныс аударады. Бұл жердің көкорай шалғын, көк майсасы қызықтырды, дейді. Жаңа істе қиындық болса да, алған бетінен қайтпақ емес.

Алтынбек Есполов, «Жаңа ауыл» ауылының тұрғыны:

– Бүгінге 150 бас қой бар. Болашақта бұйырса, 800 басқа дейін жеткіземіз. Ірі қара ұстауға пайдасы шамалы. Қазір сүттің бағасы 120-130 теңге қабылдайды. Ең бірінші мәселе ауылдарда сол сүттің бағасы. 160-180 теңгеге дейін көтеру керек. Сонда тиімді болады.

Алтынбек қирап қалған қора-жайларды жөндеп, мал басын көбейтумен қатар ауылдың әлеуметтік жағдайын түзеткісі келеді. .  

Алтынбек Есполов, «Жаңа ауыл» ауылының тұрғыны:

– Биыл екі үй жөндейміз. Барлығына жақсы жағдай жасаймыз. Әжетхана, ванна қалаға ұқсап. Барлық жағдайын жасап, адамдарды ауылға тартқымыз келеді.

Жаңа ауылдың байырғы тұрғындары көшіп келгендерді қуана қарсы алды. Жастар көбейіп, жұмыс орындары ашылып , ауылымыз қайта түлесе деген үміттерін жоғалтқысы келмейді. 

Ғалия Апенова, «Жаңа ауыл» ауылының тұрғыны:

– Баяғыда дүркіреп тұрған ауыл еді ғой. Сол қимай отырмыз міне. Бәрі де құрып жатыр. Ауылдан бытырап-бытырап кетті жұмыс болмағасын. Мектеп жоқ, дүкен жоқ. Әйтеуір нан әкеледі, оған да ризамыз. Сол үміттеніп отырмыз, мына кісілерге. Келіп ауылды дұрыстай ма деп үміттеніп отырмыз. Өте жақсы болар еді.

Алтынбек те осы ауылды сақтап қалу үшін аянып қалмайтынын айтады. Тек бір өтініші, мал жайлымы мен шабындықты кеңейтіп берсе дейді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг