Қостанай облысында 20 млн-ға салынған бөгет бір жыл өтпей бұзылды

Жиырма миллион теңгеге салынған нысан Ахмет Байтұрсынұлы ауылында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті шенеуніктердің олқылығын халыққа түзетуге тура келді. Көктемгі тасқын кезінде шайылып кеткен бөгетті тұрғындар өз күшімен тұрғызған.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Жыланшық өзеніндегі Қарасор мен Ақкөл көлдерінің айрығында тұрған Қарасу бөгеті осы. Нысан былтыр 20 млн теңгеге тұрғызылды. Сапасы дұрыс деп қабылданған. Бірақ араға бір жыл өтпей бұзыла бастады.

Бөгет көктемде өзен суын Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарының қажетіне бөгеп отыруға арналған. Оны жылда шайып кететін. Алайда жаңасы да биыл сор болды. Асты үңкіп, бүкіл ауыл жарылған тұсын бөгеген.

Жолдыхан Нұрмұхамбетұлы, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:

- Тастан салу керек. Мынаны жай сала салған. Қайта істеу керек. Жобасын сызу керек. Бекітіп, кеңейту керек. 

Барлық жұмыс асығыс, небәрі бір-ақ күнде тындырылды дейді жұрт. Бөгеттің техникалық талапқа сай болмауы, үстімен өтетін көліктерге де кедергі. Халық арғы беттегі шабындыққа бара алмай әлек. Ал айналма жол 60 шақырымға жуықтайды.

Руслан Жақсынбеков, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:

- Мына жерде кеше трактор өтіп бара жатып, аударылып қалды. Үстінде трактор жүретін жер екі-ақ метр. Мұны ешкім келіп қабылдап алған жоқ. Ауданнан ешкім келген жоқ. Мына жақтан Қызылорда, Жезқазған, Шымкентке дейін кететін жол.

Шала құрылысты қабылдап алған Жангелдин ауданының әкімдігі бізге сұхбат берген жоқ. Ат тонын ала қашып бар кінәні ауыл әкіміне ысырып қойған. Жіберілген олқылықтарға өзі жауап берсін дегендей.

Нұрсұлтан Байділдин, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының әкімі:

- Биыл су тасқыны былтырға қарағанда қатты болды. Былтыр салынған бөгет әлі нығыздалмаған. Ол әлсіздеу боп тұр. Бұзуын бұзып кетті. Бірақ мердігермен сөйлестік. Ол басқа жерде де нысандар салып жатыр. Ертең техникамыз босағаннан кейін келіп дұрыстап береміз деп тұр. 

Бөгет қалпына келтірілгенімен, оның ұзаққа шыдайтынына халық күдікпен қарайды. Бұдан былай аудан бюджетін ысырап етуге жол берілмеуі керек дейді.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров