Қостанайлық шаруалар асыл тұқымды мал басын көбейтуге ниетті

Олар шет елден жерсінуі қиын ірі қара алғанша, жергілікті жерде төлдің популяциясын көбейтпек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта бельгиялық көк сиырдың ұрығын өсіруді жоспарлап отыр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Елімізде теңдесі жоқ эмбриондарды трансплантациялау орталығы Жуков ауылы маңында салынады. Араға екі ай салып бұл жерге Бельгиядан алғашқы эмбриондар жеткізілмек. Мынау тұрған ғимарат орнында заманауи лаборатория пайда болады. Демек елді мекенде асыл тұқымды мал басын көбейтуге арналған ғылыми жұмыстармен айналысуға бар мүмкіндік қарастырылады.

Әуелі бельгиялық көк сиырлар жерсіндіріледі. Содан кейін олардың ұрығы трансплантология орталығында өсіріледі. Ғылыми жұмыстың жемісін шамамен екі жылдан кейін көруге болады.

Валерий Розумович, кәсіпкер:

- Бұл тұқымды өзімізде өсірсек, экономикалық тұрғыда көп нәрсе ұтамыз. Мысалы екі жасар бұқаны Бельгиядан тасымалдауға 5 мың еуро жұмсалады. Ал бір эмбрионның құны – 400 еуро. Бірақ олардың өміршеңдігі 50 процентке тең. Яғни әрбір екінші ұрық өлі болады.

Көк сиырлардың төлі 60 келіге дейін тартады. Олар тек кесар операциясымен, яғни қарынды жару әдісімен алынады. Мұның қыр-сырын меңгеру үшін жергілікті мамандар бельгиялық әріптестердің тәжірибесін негізге алады.

Валерий Розумович, кәсіпкер:

- Қазір нарықта мәрмәр еттен басқа премиум класты ет жоқ. Бұл олқылықтың орнын осы асыл тұқымды мал толтыруға тиіс. Оның еті жұмсақ. Майлылығы - небәрі 5 процент.

Ал бельгиялық сиыр етінің өнімдері осы зауыт базасында шығарылады. Мұнда қазір шұжық пен жартылай фабрикаттың 160 түрі бар. Демек жақын арада қостанайлықтар үшін жоғары сұрыпты, әрі диеталық ет қолжетімді болмақ.

Марина Ахметбекова, ет өңдеу зауыты директорының орынбасары:

- Бізде жаңа, әрі қуатты өндіріс желісі бар болғанымен сапалы шикізат тапшы. Соңғы уақытта адамдардың талғамы өзгерді. Олар холестеринсіз, нәрлі ет таңдайды.

Қазір Бельгиядағы ірі қара малдың 1 миллионға жуығы осы асыл тұқымнан алынған. Оны өсіріп отырған 30 мыңдай шаруа қожалығы жоғарғы сұрыпты етті сатудан қыруар табыс көріп отыр.

Люк Ван Хифте, фермер:

- Эмбриондарды қостанайлық фермерлерге жеткізуге дайынбыз. Әрине бұл ретте ветеринарлардың біліктілігі маңызды. Себебі ғылыми тұрғыда кәсібилік қажет болады.

Қостанай облысында асыл тұқымды мал басы 2010 жылдан бері көбейіп келеді. Қазір етті және сүтті бағытта ірі қара саны 70 мыңға жуықтайды.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров