Қарағанды мен Балқаш арасындағы автобанның құрылысы жанданды

Қарағанды - Балқаш арасындағы жыр болған автобанның екі жолағы шілденің ортасында ашылады. Жобаға жауапты компания өкілдері осылай деп мәлімдеді. Қалған бөлігі жыл соңында аяқталады. 2019 жылы басталған құрылыстың қазір 50 проценті ғана біткен. Межелі мерзімге дейін үлгіре ме?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қарағанды мен Балқаштың арасындағы автобанның құрылысы жанданды. Бұл учаскеде соңғы 6 ай бойы жұмыс тоқтап тұрған. Міндетін дұрыс атқармаған мердігер шеттетіліп, қазір оның орнына басқа компания келді. Олар алғашқы аптаның өзінде 12 шақырым асфальт төсеп үлгірген.  

Осылайша жұмысқа кіріскен Түрік компаниясы жыр болған 363 шақырым жолды жыл соңына дейін аяқтауға бекініп отыр. Қазір олар қолдарындағы барлық техника мен адам күшін осы аралықтағы 4 учаскеге жұмылдырған.  

Берік Жайсаңбаев, жоба жетекшісі:

- Өзіміздің ресурстармен, фирманың күшімен салып жатырмыз. Әлі финансирование болған жоқ. Бірақ осы 1-2 күнде шешіледі деген ақпарат бар. Июльдің 15-не дейін пландап жатырмыз бір полоса беруге, движение по одной полосе. Ал строительный сезонның аяғына дейін екі полоса, екі направлениемен біз береміз движенинені, жылдың аяғына дейін. 

Жобаның әу бастағы құны 248 миллиард теңге. Алайда соңғы 3-4 жылда құрылыс материалдарының құны 30 процентке өскен. Соған орай құжатқа түзетулер енгізіліп, қосымша қаражат бөлінетін болды. Ал бұған дейін жұмысына жауапсыз қараған мердігер жазаға тартылады.    

Марат Түсіпов, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Мердігердің қателік, кемшіліктерінің кесірінен осылай болған. Оларға 50 миллионан астам айыппұл, жаза төлеу міндеттелген екен. Соны қадағалау керек соңына дейін. Екіншісі мына субподрядчиктер генподрядчиктен қаражат алған кезде 56 күнге дейін созылып кетеді екен. Бұл да енді қиындық тудырады. Сол сұрақтарды көтердік.   

Бұдан былай жұмыс барысын облыстық қоғамдық кеңес мүшелері бақылайтын болады. Ал сапасын «Жол сапа» мамандары тексереді. Жоба 2023 жылдың қыркүйек айында түгел аяқталуы тиіс. 

Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар