Алматыда тау беткейлеріне құрылыс салуға тыйым салынды

Жұмысы тоқтап қалған Қала құрылысы кеңесі де жанданады. Алматылықтарды көптен бері толғандырып жүрген өзекті мәселенің бірі осы сала еді. Жұрт тау бөктеріндегі алма ағаштары кесіліп, биік үй салынып жатыр деп, жиі дабыл қағатын. Бүгін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында осы мәселе талқыға түсті. 

Алматыдағы тоқтаусыз жүріп жатқан зәулім үйлердің құрылысы әсіресе тау бөктерінде тұратындарды қатты алаңдататын. «Каменское плато» обсерваториясының жанындағы дау-дамайға қатысты бір емес, бірнеше рет эфирге материал дайындаған едік.

Василиса Қуанышева, экобелсенді:

- Текеліде қандай жағдай болғанын бәріміз көрдік. Оның біздің қалада қайталанғанын қаламаймыз. Өйткені ауқымы әлдеқайда көп болады. Бұрын мына бөктердің барлығы алма бақ болған, қазір жеке тұрғын үй салынып жатыр. Ал негізінен бау-бақша болуы керек. Қазір ебін тауып құрылысқа рұқсат алып, үлкен үйлер салып жатыр.

Тұрғындардың бірнеше жылдық жанайқайынан кейін қала басшылығы бұл мәселенің оң шешімін тапқан секілді.

Ендігі жерде Абай даңғылының оңтүстігі мен әл-Фараби даңғылының солтүстігі және Әшімов көшесінің, Шығыс айналма автомобиль жолының шығысына қарай тұрғын үй ғимараттарының бикітігі шектеледі. Сондай-ақ 2014 жылдан бастап Алматы қаласына кірген ауылшаруашылық жерлеріне де бейберекет құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды.   

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- Республикалық маңызы бар қалалардың аумақтарында жерді ауыл шаруашылығы мақсаттарына пайдалану заңнамада көзделмеген. Бұл жер иелерінің бағбандық үшін ұсақ учаскелерге бөліп, одан әрі сатуына алып келді. Осылайша негізгі әлеуметтік объектілерсіз құрылыстың бейберекет салынуына жағдай жасады. Осыған байланысты коллизия мен бейберекет құрылыстарды болдырмау үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлуге тыйым салынады.

Бұған қоса таудың беткейлеріне, 15 градус және одан да жоғары жерлерге кез келген мақсаттағы ғимараттардың жаңа құрылысына тыйым салынатын болды. 1 тамыздан бастап Қала құрылысы кеңесі жаңа форматта жұмысын бастайды. Мәслихат құрылысқа қойылатын міндетті талаптар мен жобаларды қоғамдық талқылаудан өткізуді әрі орналасқан жеріне қарамастан 5 қабаттан асатын барлық ғимараттар мен құрылыстар үшін Қала құрылысы кеңесінің оң қорытындысын алу шарттарын мақұлдады. 

Жандос Айтбайұлы