Павлодардың Былқылдақ көліне 670 тонна сынап қалдығы көмілген

Павлодардың Былқылдақ көлі экологтардың жіті назарына алдынды. Зиянды қалдықтармен ластанған су айдынына балықшылар мен аңшылар үйір. Жазда көл суына шомылатындар да бар. Жуырда мониторинг тобы ауа мен жерасты суларынан сынаптың шамадан көп мөлшерін анықтаған.

Былқылдақ көліне 670 тонна сынап қалдығы көмілген. Ондаған жылдар бойы химиялық зауыттың қалдықтарымен ластанған су қоймасын мамандар экологиялық апатты аймаққа жатқызады.

Қарлығаш  Қасиетова, тілші:

- Былқылдақ көліне кезінде Павлодардың солтүстік өндірістік аумағында орналасқан барлық кәсіпорынның қалдық сулары төгілетін. Бұл көлдің суын қандай да бір шаруашылық мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Экологтар ара-тұра келіп, судың құрамын зерттеп отырады. Онда әсіресе сынаптың мөлшері жоғары екені анықталған.

Химиялық қоспаларға мониторинг жүргізу жұмысы жоспар бойынша наурыз айынан басталып қарашаға дейін жалғасады. Экологтар судан, топырақтан және ауадан сынама алады. Көлді мекен ететін тіршілік иелері де тексеріледі. 

Сергей Землев, санитар дәрігер:

- Жерасты суларында, атмосферада сынап мөлшерінің қалыпты деңгейден артық екені анықталды. Ол ауа райына да байланысты болады. Атмосфералық қысым сынап концентрациясына қатты әсер етеді. Судың үстінде сынаптың артық қоры анықталған жоқ. Балық пен құстардан да табылмады.

Химиялық қалдық полигонының маңайы бұрын тікенек темірлермен қоршалатын. Соңғы жылдары бос жатыр. Шаңқай түсте балық аулап, көлге шомылғандар кезікпеді. Бірақ көлдің арғы бетінде ауыл малының емін-еркін жайылып жүргеніне куә болдық.

Аңсар Әлешов, облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

- Сынаппен ластанған өндірістік аумақтың тарихын облыс тұрғындары жақсы біледі. Осыған байланысты ұзақ жылдар бойы мониторинг жүргізіліп келеді. Бұл аумаққа кіруге, мал жаюға, балық аулауға тыйым салатын белгілер талай рет орнатылды. Бірақ оны адамдар алып тастайды.

Ал Павлодардың ғалымдары сынаппен ластанған жерлерді бейтараптандыру технологиясын сынақтан өткізіп жатыр. Зерттеу жұмыстарына жапондық препарат қолданылады. Биыл жобаны жүзеге асыруға қаржы да бөлінген. 

Александр Свидерский, химия ғылымдарының докторы:

- Былқылдақ өзенінің  айналасында ғылыми зерттеу жүргізуге әкімдік қаржы бөлді. Топырақты қалпына келтіруге байланысты сынамалар алдық. Біз зерттеу барысында сынаптың кезуін, оның органикалық және органикалық емес формаларын анықтаймыз.

Ғалымдар сынақтан өткізіп жатқан жапон препараты топырақтың өсімдік қабатын қалпына келтіруге көмектеседі. Тазартылған аумақты ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге болады. Ал экологтар қауіпті су айдынына жоламауға кеңес береді.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат