«Қазақтелеком» компаниясы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ алдында есеп берді

«Қазақтелеком» «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қоғамдық кеңесінің отырысында есеп берді. Еліміздің ірі байланыс операторы былтырғы қызметін қорытындылады. Компания елде 5,5 мыңнан астам мектепті, 3 мың 700-ден аса аурухана мен 7 мыңға жуық мемлекеттік мекемені кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп отыр.

«Қазақтелеком» халықпен тығыз жұмыс жасайтын компания. Сондықтан әрбір қадамы ашық болуы керек. Қоғамдық кеңеске есеп беруге келген ұлттық оператор бүгін ешбір ақпаратты бүгіп қалмайтынын айтты. Өткір сұрақтарға ашық жауап берді. Компания былтырғы жылды 97,4 млрд теңге таза пайдамен жапқан, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 49 процентке артық.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы:

- Ең басты міндеттеріміздің бірі ауылдарды интернетпен қамту. Бүгінде елімізде 6 мың 406 елді мекен болса, соның 4700-ден астамына кең жолақты интернет жетті. Енді алдымызда тағы 1600-ден астам ауылға желі тарту жұмысы тұр. Бұл ауылдарда барлығы 266 мың халық тұрады. Сонымен қатар интернет тартылған аймақтарда байланыс сапасын жақсарту күн тәртібінен түскен емес.   

«Қазақтелеком» 2022 жылды «Қызметкерлерді əлеуметтік қорғау» жылы деп жариялады. Осы бағдарлама аясында бүгінде компанияда еңбек еткен 22 мыңнан астам қызметкердің әл-ауқатын арттыру шаралары қабылданды. Қызметкерлердің жалақысы өсіп, әсіресе техникалық мамандарға басымдық берілді.

Берік Битабаров, «Қазақтелеком» АҚ персонал жөніндегі бас директоры:

- 2022 жылы жұмысшылардың жалақысы 20 пайызға өсті. Әлеуметтік шаралар тек қызметкерлерге ғана емес, олардың балаларына да қарастырылған. Қызметкерлердің балаларына айти және робототехника лагерін ашып жатырмыз. Аймақтағы жұмыс істейтін жұмыскерлердің балаларына жоғары және орта оқу орындарына көмек беру және осындай әлеуметтік шараларды қабылдап жатырмыз. 

Қоғамдық кеңес мүшелері және зум арқылы қосылған мүдделі тараптар оператордан өз сұрақтарына толыққанды жауап алды. 

Наргиз Бекмағанбетова, Ерлан Наурызбаев