476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бөкей Ордасы кезінде егілген қарағай тоғайының тағдыры алаңдатады

  • 200
  • UPD: 22:55, 20.06.2022
Бөкей Ордасы кезінде егілген қарағай тоғайының тағдыры алаңдатады

Бөкей Хандығы заманында орданы құм көшкінінен қорғау үшін егілген қарағайлы тоғай туристік нысанға айналды. Шөл далада жайқалған жасыл желекке жұрт қызығады. Алайда кейінгі жылдары ағаштың құлауы жиілеп кетті. Мамандардың айтуынша, жерасты су деңгейі төмендеп кеткен. Жаңа егілген көшет те өспей қалады. Табиғат инспекторлары тоғайдың тағдырына алаңдап отыр.

Нарынқұмда орналасқан Хан Ордасы ауылының маңайы қылқан жапырақты ағашпен көмкерілген. Көбі Жәңгір хан билігі тұсында егілген. Осы әдіс арқылы хандықтың әкімшілік орталығын құм көшкінінен қорғады. Шөл даладағы қарағайлар аспанмен таласып, жайқалып өскен. Тоғайды жергілікті тұрғындар әлі күнге көздің қарашығындай қорғап келеді. Тіпті газ желісі болмаған кезеңде қыс қанша ұзаққа созылып, отын таусылып қалса да жұрт тоғайдың бір де бір ағашына тиіспеген. Тарихи аумақты көзбен көру үшін алыстан келетін турист көп. Әйткенмен, кейінгі жылдары тоғайдың ажары қаша бастады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Гидрологиялық жағдайдың нашарлауы салдарынан орманда құлап жатқан ағаштар аз емес. Мамандар олардың орнын толықтыруға тырысып жатыр. Жылына мыңдаған көшет егеді екен. Алайда соның тек 30%-і ғана өсетін көрінеді.

Ақылбек Әлсейітов, орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ директоры:

- Қариялардың айтуы бойынша бұрынғы уақытта су 60 сантиметрден, 1 метрден шыққан. Ал қазір 2 метр, 2,5 метрсіз жерасты суы шықпайды. Тамыр екі бөлек бөлінеді ғой, «жерүсті тамыры», «жерасты тамыры» деп. Жерден гумустан қорек алатын тамырлар, тіке су іздеп кететін тамырлар. Аса көп мөлшерде мәпелеуді қажет етеді. Себебі бұл жерде ашық су көзі жоқ.

Құмда орман шаруашылығына тиесілі аумақтың көлемі 16 мың гектардан асады. Тоғайда қарағай, қаратерек, жыңғыл, жиде және жүзгін өседі. Мекеме меншігінде екі бірдей тұқымбақ бар. Мамандар көшеттерді алдымен сол жерде күтіп баптайды.

Биыл еккен қарағай көшеттері жайлап шығып келе жатыр. Ал мыналар төртжылдық, бесжылдықтар. Осыларды қазып, біз орманға отырғызамыз. 

Жыл сайын орманда 130 га жерге көшет егіледі екен. Алайда еккен тал мен төккен тер текке кетіп жатыр.

«Әрбір көшеттің тамыры жерасты суына жеткенше бірнеше жыл бойы суарып тұру керек. Ал оған техникалық мүмкіндік жоқ», - дейді маман. 

Ақылбек Әлсейітов, Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ директоры:

- Суға жеткенге дейін суару үшін кем дегенде 5-6 жыл керек. Ал ондай технологиямен егу өте көп қаражатты қажет етеді. 20 га жерде 40 мың қарағай көшеті егілсе, 20 га жерді суару деген өте үлкен жұмыс. Біздің тәжірибеде өйтіп екпе көшеттерін суарып егу әлі қолданылған жоқ. Біздер егеміз, арасындағы арамшөптерін жұлып кетеміз. Сосын түптейміз арасында барып. Табиғи ортаға қалыптасып, өзі өсіп кетуі керек еккеннен кейін.

Бөкей Ордасы ауданы тұщы су қорына бай. Мұндағы тіршілік нәрі құбыр желісімен көрші аудандарға да жеткізіледі. Тұрғындар жерасты су деңгейі төмендеуінің бір себебін сонымен байланыстырады. Алайда зерттеу жұмыстарын жүргізген гидрологтар бұл болжаммен келіспей отыр. 

Артур Лұқпанов, "Жайықгидрогеология" ЖШС бөлім басшысы:

- 2015 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сол кезде 15 ұңғыма қазылып, орман алқабының айналысынан, жұмыстар жүргізіліп, жерасты суының деңгейін, судың құрамын өлшеу мақсат болған негізі. Сейтқали елді мекенінің қасындағы жерасты су қорынан ғой халықты мазалап отырған сұрақ. «Сол суды алып жатыр біздерден Жәнібек ауданы, сол себептен су түсіп жатыр» деп. Ол одан емес, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты. Көп жылдық температураның 2 градусқа жылынуы, сол себепті жерасты су деңгейі облыс бойынша көп жерде байқалып жатыр түскені. Егер қазір ауа райы күрт өзгерсе, ол қайтадан қалпына келеді барлығы. Енді не істейміз, біздің ешқандай қатысымыз жоқ қой по идее.

Хан тоғайы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарында. Президент Жолдауына сәйкес, алдағы бес жылда елімізде 2 млрд көшет отырғызу міндеті қойылды. Енді мұнда биылдан бастап жылына 256 га жер игерілуі тиіс. Ал гидрологиялық жағдай оған қолайсыз болып тұр. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы