Шымкентте қала күні атап өтілді

Шымкенттің республикалық маңызға ие қала мәртебесін алғанына 4 жыл болды. Осы уақыт ішінде мегаполистің өнеркәсіптік әлеуеті 60 процентке артып, халық саны 120 мыңға көбейді. Аймақта қала күні мерекесіне орай «Шарықтай бер, Шымқалам» атты қорытынды гала-концерт өтті. 

Апта бойына жалғасқан түрлі шара шаһардың сан саладағы әлеуетін көрсетті. Ал концерт қаланың мәдениет ордасына айналғанын айшықтай түскендей. Шымкенттен шыққан елге танымал әншілер табиғи дауыста ән шырқап, көптің көңіліне қуаныш сыйлады.   

Өткен 4 жыл толайым табысты болды. Кәсіпкерлік субьектілері 30 процентке көбейіп,   дайын өнім 1 триллион теңгеден асып түсті.  

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Құрметті жерлестер, біздің 2200 жылдық тарихы бар 4 жыл алдын «мегаполис» атын берген қала күнімен баршаңызды құттықтаймын. Қаламыз көркейе берсін. Жана берсін. Жаңа Қазақстанымыздың ішіндегі Шымкентіміз дами берсін!

Қазақстан эстрадасының жұлдыздары қатысқан концерт мерекенің көркін қыздырды. "Жігіттер" тобы, Заттыбек Көпбосынұлы, Қайрат Нұртас, Маржан Арапбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Бауыржан Исаев және тағы басқа өнер майталмандары мерекемен құттықтап арнайы келді. 

Алтынай Жорабаева, әнші:

- Жергілікті әншілердің барлығымен құралған осы концертті көріп, шынын айтсам, өзім көңілім тойып қалды. Біздің қолымыздан келетіні ән. Өзіміздің өнерімізбен жерлестерімізді қуанту. Соларға қуаныш сыйлау. Әрқашан осындай бақытты күнімізден Алла айырмасын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. 

Мерекелік концертті танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мен Нұрсұлтан Құрман және әнші Әйгерім Қалаубаева мен Ғазизхан Шекербеков жүргізді. Әзіл-қалжыңы жарасқан олар сұрақ-жауап ойынын өткізіп, халықтың  көңілін көтерді.  

Дидар Жолдыбаев, қала тұрғыны:

- Күшті, өте жақсы қызықты өтіп жатыр. Көп рахмет осыны ұйымдастырып беріп жатқан адамдарға. Шымкент, туған күн құтты болсын!

Төрт сағатқа созылған мерекелік кеш соңы отшашуға ұласты. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов