Әлеуметтік порталда баға аспандап тұр 

Мүгедек жандардың әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін қызмет сапасы мен кейбір тауарларға көңілі толмайды. Айтуларынша, ондағы сатушылар бағаны тым қымбат қояды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Порталдағы ақпарат көпшілік үшін жабық болғандықтан, қазына қаржысын кімнің қалай жұмсап жатқанын бақылау қиын. Осыдан екі жыл бұрын мүгедектерге арналған арба мен оларға қажет өзге құралдарды әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері мемлекеттік сатып алу тәсілімен алатын. Талай жемқорлық дауынан кейін бұл қызмет тоқтатылды. Әкімдік өкілдері мен тауар жеткізушілер арасында өзара ымыраласу, бағаны өсіріп көрсету секілді әрекеттер әшкереленген. 2020 жылы елде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған соң бұл мәселе шешілгендей көрінді. Алайда ондағы бағаға қатысты түйткіл әлі де бар.

Әнібек Байтоқов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Онлайн дүкенде 40 мың теңге тұратын телефон әлеуметтік қызмет порталында 76 мыңға бағаланған. Бұл баға көру қабілеті нашар адамдар үшін белгіленіп отыр. Онлайн дүкенде де құны асыра көрсетілген. Демек 20-30 мыңның затын мемлекет 76 мыңға сатып алуы керек пе? Өкініштісі, ол телефонда мүгедектерге қажет компас, жедел жадының өзі жоқ.

Жәнібек Байтоқов бұрынғы айлакер сатушылар қазіргі әлеуметтік порталға да көшіп үлгерген деп есептейді. Қоғам өкілдері оны бақылауға қауқарсыз. Жарымжан азаматтарға кімнің не сатып жатқанын ешкім білмейді. Ал қазына қаржысы ретсіз жұмсалып жатыр, деп алаңдайды. Бұл мәселеге сенатор Ләззат Қалтаева да бейжай қарауға болмайтынын айтты. 

Ләззат Қалтаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазір арыз-шағым көп. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі оларды өңдеуі қажет. Сарапшы топ құрып, порталдың жұмысына өзгеріс енгізу керек. Қызмет көрсету бағытын, не болмаса ақпаратқа қолжетімділік жағын қайта қарау. Себебі кейбір қолданушылар мен жеткізушілер айналып өтуге болмайтын шектеулердің барын айтады. Демек жемқорлық әрекеттің болу қаупі бар деген сөз. Мүмкін қандай да бір алаяқтықтың ізі бар шығар, себебі көп азаматтардың шағымы осыған саяды.

Белгілі болғаны, әлеуметтік қызметтер порталында тауар жеткізушіні тіркеумен профильді басқарма мамандары айналысады. Ал онда шағым қалдыру қиямет қайым. Мәселен, сатушы қай өңірден енгізілгенін анықтау қажет. Оны қарапайым қолданушы қайдан білсін? Еңбек министрлігі мәселемен таныс.

Бибігүл Иманғалиева, ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары:

– Біз бұл мәселелерді Әлеуметтік кодекс шеңберінде заңнамалық форматта реттеуді жоспарлап отырмыз. Онда жергілікті атқарушы органдардың да, жеткізушілердің де жауапкершілігі ескеріледі.

Алдағы уақытта азаматтардың портал қызметін ашық әрі қолжетімді ету талабы орындала ма? Қоғамдық бақылау орнай ма, қазір дөп басып айту қиын. Мәселе жыл соңына қарай Үкімет талқылауында қаралуы тиіс.

Сондай-ақ...