Қызылорда облысында тауарлы балық өсіруге ден қойылмақ

Еуропа мен Азияның 15 шақты мемлекеті фосфоры көп Арал көксеркесін аттай қалап алады. Одан бөлек қақталған айнакөз, тұздалған жайын мен ақмарқа, тыранның қанаттары мен балықтың тартылған еті кәрі құрлық жұртының дастарқанынан жиі табылады. Жалпы соңғы 5 жылда Қызылорда облысында балық экспорты 2 жарым есе өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таңсәріден қайықтың басын көлге бұратын Ақанжан Әбдіков әулетімен балықшы. Әкесі Арал теңізінен бөлек Балқаш, Байтақ пен Ырғыз көлдеріне ау салған. Қазір сол балықшының ұлдары Ақанжан мен Әділжан ата кәсіпті жалғап, он шақты отбасыны асырап отыр.     

Ақанжан Әбдіков, балықшы:

Сонау әкемізден келе жатқан жылым, күтіп-баптап ұстап келе жатырмыз. Ені 5 метр, ұзындығы 300 метр болады. Мотормен қазір заманауи техникамен тартып шығарылады. Қазір шамалы дамып келе жатырмыз. Сол балалар үшін істеп жатырмыз осының бәрін. Бірақ балықта береке бар, әрине.

Азаттықтың ақ таңы атуымен Аралдың да тағдыры түзелді. Оны балықшылар қауымы мойындап отыр. Көкарал бөгеті салынғаннан кейін су деңгейі көтеріліп, аймақтағы көлемі 20-30 мың гектардан асатын 200-дей көл қалпына келтірілді.

Ақанжан Әбдіков, балықшы:

Дариядан 2015-16 жылдары Алаша мен Қаракөлге канал қазылды Үкімет бағдарламасымен. Жылда жақсы болады бұл жердің суы. Өйткені дарияға жақын. Өзен жағалағанның өзегі талмайды дейді ғой. Жалпы қуаңшылықта судың тапшылығы аздап болды, бірақ ондай қиыншылық көрген жоқпыз. Суы толық, судың берекетінің арқасында кәсіпті жандандырып отырмыз. 

Балық аулау біреуге ермек болса, біреуге нан табар нағыз кәсіп. Құрамында 11 жігіт бар бригада тоқылған кермешені күніне 2-3 рет тартады. Ал қыста мұз астына ау салады. Осы 11 адамның бала-шағасының несібесі торға түскен балыққа тікелей байланысты. «Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда» деген осыдан шықса керек. 

Қамбар Бекенов, тілші:

– Ал мінекей, су маржанын сүзген 250 метрлік кермеше жағаға шығарылды. Мұнда шамамен 500 келідей балық бар көрінеді. Қазір ірілері сұрыпталып, майда шабақтар көлге қайта жіберіледі. Қандай балықтар түскені жөнінде балықшыдан сұрап білсек.

Әділжан Әбдіков, балықшы:

– Балықтың тыпырлап жатқанын көріп жатырсыздар. Мынау мөңке балық қазір күміс алқа деп айтылады. Одан кейін табан дейміз мынау майдасы, ірілері шығып жатыр. Қазіргі ең бағалы балықтарымыз Арал өңіріндегі осы. Зауыттармен келісімшартымыз бар. Бұларды аулағаннан кейін Арал мен Қазалыдағы зауыттарға өткіземіз. Біз тек өнім тапсырамыз, одан кейін өңдейді. Көксеркенің келісі 700-600 тг, жаз айларында төмендейді баға.   

Аймақта балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы қабылданып, тауарлы балық өсіру шаруашылықтарын 55-ке жеткізу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса балық өндіру көлемі артады деген болжам бар. Әбдіковтер әулеті де бағдарламадан шет қалмапты.

Әділжан Әбдіков, балықшы:

Тауарлы көл шаруашылығына өткен бізге балықтың қорын молайтуға үлкен мүмкіндік туады. Біз қолдан өсірудің рұқсатын қолға аламыз. Бізге лимит бекітілмейді. Өзіміздің жіберген балығымыздың өсім сатысына байланысты көбірек ауланады. Субсидияны Үкімет қарап жатыр. Біріншіден, техника алуға, моторлы қайық алуға, жем, дәрі-дәрмегін алуға барлығына субсидия береміз деп жатыр. 

Сыр өңірінде жалпы дария мен теңізден бөлек 207 көлден балық ауланады. Бағдарлама аясында тағы 16 шарбақтық, 12 тоғандық, 3 тұйық жүйелі шаруашылық құрылмақ. Сол кезде балық экспорты 2 есеге артып, аймақтағы 5 мыңдай кәсіби балықшының қатары тағы 500-ге толықпақ. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов,