Жамбыл облысында 200 мыңнан астам бала жазғы лагерьде кезең-кезеңімен демалады

Биыл Жамбыл облысы бойынша қала сыртында 10-нан астам және мектеп жанынындағы лагерь жұмыс істей бастады. Демалыс орындары кезең-кезеңімен ашылып, оқушылардың алғашқы легін қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл жамбылдық балалардың жазғы лагердегі демалысы ерекше өтуі тиіс. Бұл бағытта балалар жылы аясында өңірде 11 демалыс орны жұмыс істейді. Оның жетеуі жеке, төртеуі мемлекеттік. Қазір балаларды лек-легімен қабылдау басталды. Бұл – Қарақыстақ шатқалындағы Әлия Молдағұлова атындағы балаларды сауықтыру лагері. Балалардың ұзақ уақыт карантиннен кейінгі демалысы. Жеткіншектердің таза ауада, емін-еркін ойнап тынығуды әбден сағынғаны көрініп тұр. Мұнда ауылды жердің көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 70 бала демалып жүр. 

Дархан Сейткерімов, оқушы:

Ойындар болады күнде және біз жақында ғана походқа шығып қайттық.

Нұрбала Оралбек, оқушы:

Бұл жерде күн сайын кешкі би болады. Әртүрлі TikTok жұлдызы, лагерь жұлдызы, екі жұлдыз деген сияқты әртүрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Сонысымен бізге өте қызықты.

Лагерьдің сауықтыру, демалу бағдарламасы ұлттық бағытта жасалған. Асық ату, тоғызқұмалақ, домбыра тарту, кесте тігу үйірмелері жұмыс істейді.  

Айдар Жұмағұлов, Әлия Молдағұлова атындағы балаларды сауықтыру лагерінің директоры:

– Әр ауысымға 12 күнге жоспар құрылған. Жоспар бойынша кинотеатрлардан кино әкеп көрсету. Тауға саяхаттауға шығару. Балалар жылына орай лагерьде 200 бала қамтылып жатыр. Аудандағы әртүрлі мәдени орындармен, спорттық бөлімдермен соларды қамти отырып бірге жұмыстар атқарылуда.  

Жалпы биыл аймақта 200 мың бала жазғы демалыспен қамтылмақ. Оған бюджеттен 400 млн-нан астам теңге қарастырылып отыр.

Айта кету керек, қазір өңірдегі мемлекеттік лагерьлерді жаңғырту өзекті болып тұр. 

Гүлзира Дәрібаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

60-70 процент базасы сақталып қалса да 30-40 процент жаңғыртуды талап етеді. Мысалға біздің бассейн, жас деңгейіне қарай бассейндердің көлемі ұлғайса деген ұсыныс бар. Бұл жерде амфитеатр көлемі ұлғайса деген ұсыныс бар. Ғимаратты не үшін айттық. Ғимараттың көлемі ұлғаятын болса, балаларды қамту санын да көбейтуге мүмкіндік алар едік.  

Қазір лагерлер кезең-кезеңімен жұмысын бастап жатыр. Қала сыртындағы демалыс орындарына 10 аудан мен Тараз қаласының оқушылары жіберіледі. Бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылар және өмірде қиын жағдайға тап болған балалар жіберіледі. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә