Маңғыстау облысында су құзғындарының өлексесі табылды

Маңғыстау облысында су құзғындарының қырылуына күшті дауыл немесе балықшылардың қараусыз қалдырған ау құралы себеп болуы ықтимал. Баутин және Аташ елді мекені маңындағы жағалауда тексеру жүргізген мамандар осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше сол аумақтан 159 құстың өлексесі табылған. Су құзғындарынан және теңіз суынан сынамалар алынып, басқа өңірге зертханаға жіберілген. Нәтижесі қашан шығатыны әзірге белгісіз. Ал құс өлекселері өртеліп, жойылды.

Айта кетейік, су құзғындары Қазақстанда негізінен Каспийді мекен етеді.

Ғаббас Досатов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инпекциясының басшысы:

– Табиғи өлексеге ұқсайды. Себебі 1 айдың әр жақ, бер жағында өлген. Теңіздегі иесіз ауларға түсіп қалып, 2-3 сол күні теңізден жел болды. Сонымен шығып қалулары мүмкін. Бірақ бұл әзірге болжам. Су құзғыны Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген және аңшылықта аулау құстарының түріне де жатпайды.