Жетісу облысындағы Қойлық ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Жетісу облысындағы Қойлық ауылының тұрғындары орталық көшеге асфальт төсеп беруді сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп жылдан бері жөнделмеген жолдың кесірінен орталыққа барыс-келіс қиындаған. Алматы - Өскемен автомагистралінің ауыл сыртымен салынуы да тұрғындардың тұрмысына әсер етті.

Алматы - Өскемен автомагистралі бұрын Қойлықтың дәл ортасымен өтетін. Айналма жол салынғалы бері жолаушылар мен жүк тасымалдаушылардың көбі елді мекен сыртымен жүретін болды. Ауылға көліктер кірмеген соң Жұмабала Қалиева сияқты сауда-саттықпен айналысатындардың кәсібі тұралап қалды.

Жұмабала Қалиева, Қойлық ауылының тұрғыны:

- Жағдайымыз төмендеп кетті. Мына ауылда бәрі саудамен күн көріп отырған. Ал қазір сауда жоқ. Қазір жетімсіреп қараң қалды ғой.

Жұлдыз Баяшова, Қойлық ауылының тұрғыны:

- Трасса ауылдың шетіне ауысқалы біздің дүкендердің саудасы елу пайызға түсті. Одан көп болмаса. 

Рая Жаңабаева, Қойлық ауылының тұрғыны:

- Алма сатып күн көріп отырғанбыз. Біз зейнетақы аламыз. Алмайтындарға қиын болды ғой. Жұмыс жоқ. Күнді сонымен көріп отырған, ол да жоқ.

Жол салуға жұмылдырылған ауыр техникалар мен құрылысқа қажет қиыршық тас ауыл ішіндегі осы көшемен тасымалданды. Соның нәтижесінде онсыз да 30 жылдай жөндеу көрмеген автомагистральдың быт-шыты шыққан. Ойдым-ойдым болып, шаңы бұрқыраған жолдың зардабын жергілікті тұрғындар тартып отыр.

Балтабек Дүйсебаев, жүргізуші:

- Көлік тұрмақ, жаяу жүре алмайды. Құлап-сүрініп. Енді салығын төлеп жатырмыз, жөндеу керек қой.

Құдайберген Жұмағалиев, Қойлық ауылының тұрғыны:

- Жол шоқалақ. Мына екі ортаға 20-30 минут жүресің. Жанармайды жеп қояды. Доңғалаққа тілім-тілім тастар кіріп кетеді.

Тілеухан Нысанқұлов, Қойлық ауылының тұрғыны:

- Бәрі быт-шыт, қазір мына жақпен ешкім жүрмейді. Ауылдың техникасына дейін болды. Ешқандай жағдай жоқ. Көліктің бәрі быт-шыт.

Талдықорған-Қалбатау бағытындағы автомагистральдың  құрылысы 2019 жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс. Ауыл ішілік жол аталған жоба негізінде шешімін табады,- дейді әкімдік қызметкерлері

Айдар Қауменов, аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қойлық ауылының ішімен өтетін Мәкетов көшесі Алматы-Өскемен республикалық маңыздағы қарасты жол. Аталған жолға Талдықорған - Қалбатау жобасы бойынша Қойлық ауылы айналма жол салынып біткеннен кейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Ситик констракшн» тапсырыс беруші «Қазавтожол» жобаға енгізген. Сол ішкі Қойлық ішімен өтетін жолды қайтадан жөндеп беруге.

Жауаптылар жол құрылысы аяқталғанда автомагистраль бойынан кәсіпкерлерге конкурспен жер бөліп бермек. Сол кезде сауда саттық жанданып, тұрғындардың үйреншікті жұмысын жалғастыруына мүмкіндік болады деп отыр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев